
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында Атырау облысы Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараға Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева қатысып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, алдын алу шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Кездесуге Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Психологиялық қолдау орталығының мамандары қатысып, тәрбиеленушілерге қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандар балаларға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау, рұқсат етілмеген орындарда шомылмау, ересектердің қарауынсыз суға түспеу қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптары, тұрмыста электр құралдарын дұрыс пайдалану, төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету алгоритмі мен жедел қызметтердің байланыс нөмірлері таныстырылды.
Кездесу барысында соңғы жылдары жиі тіркелетін балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар ашық тұрған терезелерге жақындамау, терезе алдына жиһаз қоймау, москит торына сүйенбеу және қауіпсіздік құрылғыларын пайдалану қажеттігін еске салды.
Психологиялық қолдау орталығының мамандары балалармен эмоциялық саулықты сақтау, күйзеліс пен мазасыздықтың алдын алу, қиын жағдайларда көмек сұраудың маңыздылығы туралы әңгімелесіп, психологиялық қолдау қызметтеріне жүгіну жолдарын түсіндірді.
Кездесу соңында балаларға қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде қатаң сақтау, жеке жауапкершілікті арттыру және кез келген қауіпті жағдайда ересектерге немесе құзырлы қызметтерге дер кезінде хабарласу қажеттігі түсіндірілді.
Атырау облысы Білім беру басқармасы жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өңірдегі білім беру ұйымдарында тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-bilim/press/news/details/1260771?lang=ru

Жауап қалдыру