
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристерге арналған басты ақпараттық және навигациялық орталық болатын заманауи Vizit Bayanaul «Сарыарқа сыры» визит-орталығының ашылу салтанаты өтті. Жаңа нысан туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және ұлттық паркке келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Аумағы 740 шаршы метрді құрайтын визит-орталықта келушілер туристік бағыттар, табиғи көрікті жерлер, ұлттық паркке кіру және онда болу қағидалары, қолжетімді туристік қызметтер туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар, орталық өңірдің табиғи және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.
Визит-орталықтың ашылуы Баянауыл курорттық аймағының туристік инфрақұрылымын кешенді дамыту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.
Павлодар облысында жазғы маусымда туристердің негізгі легі Баянауыл курорттық аймағына, Маралды көліне және Павлодар қаласына бағытталады. Өңірде жалпы саны 45 жағажай жұмыс істейді. Оның ішінде 16-сы қажетті инфрақұрылыммен жабдықталып, жеке кәсіпкерлердің басқаруында болса, қалған 29-ы коммуналдық жағажайлар.
Баянауыл курорттық аймағында заманауи әрі жайлы туристік орта қалыптастыру мақсатында екі ірі жоба жүзеге асырылды. Олар – Баянауыл ауылындағы шолу алаңының құрылысы және Сабындыкөл жағажайын абаттандыру жұмыстары.
Жаңа туристік нысанның ашылуымен қатар Жасыбай және Сабындыкөл көлдерінде Bayanaul FEST фестивалі өтті. Ауқымды шара өңір тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинап, концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар, мәдени-ойын-сауық іс-шаралары, көрмелер мен түрлі интерактивті алаңдарды ұсынды. Фестиваль жазғы туристік маусымның жарқын оқиғаларының біріне айналып, Баянауылдың бай мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін кеңінен таныстырды.
Туристік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және ауқымды оқиғалық іс-шараларды өткізу демалыс сапасын арттыруға, ішкі туризмнің дамуына және Баянауылдың Қазақстандағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tourism/press/news/details/1260816?lang=ru

Жауап қалдыру