
Аршалы ауданындағы «AQMOLA» индустриялық аймағы Ақмола облысындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын негізгі алаңдардың біріне айналып келеді. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа өндіріс орындарының құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымның даму барысымен танысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы инвестиция тарту қарқыны жөнінен Қазақстан өңірлері арасында көш бастады. Бір жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,5 есеге артты. Бұл оң үрдіс биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында да сақталып отыр.
Өткен жылы ашылған «AQMOLA» индустриялық аймағы өңірдің маңызды инвестициялық алаңдарының біріне айналып, отандық және шетелдік ірі инвесторлардың қызығушылығын тудырды. Қазіргі уақытта мұнда жалпы инвестиция көлемі 1,8 триллион теңгеден асатын 12 жоба жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – сингапурлық EAGLE ARCHITECTURE TECHNOLOGY компаниясының зауытының құрылысы. Кәсіпорын автоклавты газбетон блоктарын, ПВХ және алюминийден жасалған қасбеттік жүйелерді, витраждық конструкцияларды, сондай-ақ битумды шатыр гидрооқшаулағыш материалдарын өндіреді. Зауыт іске қосылғаннан кейін 72 жаңа жұмыс орны ашылады.
Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жер жұмыстары толық аяқталып, резервуарлар, технологиялық құрылыстар және әкімшілік ғимараттың құрылысы жалғасуда. Кәсіпорынды пайдалануға беру алдағы айларға жоспарланған.
Индустриялық аймақтың дамуы туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов баяндады.
«Бүгінде жалпы аумағы 1 мың гектардан асатын индустриялық аймақта жалпы инвестиция көлемі 1,8 триллион теңгеден асатын 12 инвестициялық жоба сүйемелденіп жатыр. Бұл бастамаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда уақытша электр және сумен жабдықтау желілері жұмыс істеп тұр, сонымен қатар тұрақты инженерлік инфрақұрылымның құрылысы қатар жүргізілуде», – деді Ернар Жаркешов.
Алдағы жылдары индустриялық аймақта бидайды терең өңдеу, клинкер өнімдерін, сұйытылған табиғи газды, ауыл шаруашылығы техникасын, респираторлар мен құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ қуаты 100 МВт болатын деректерді өңдеу орталығын салу жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорындар өңір тұрғындарын орташа жалақысы 500 мың теңгеден асатын жоғары ақы төленетін жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Уақытша автомобиль жолы пайдалануға берілді, ал алдағы уақытта теміржол тармағын салу көзделген. Бұдан бөлек, тұрақты автомобиль жолдарын, су, электр және газбен жабдықтау нысандарын, теміржол инфрақұрылымын және тазарту құрылыстарын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Марат Ахметжанов индустриялық аймақты дамыту Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келетінін және өңір экономикасының негізгі даму бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«AQMOLA» индустриялық аймағы облыс экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналады. Мұнда заманауи өндірістер құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Біздің міндетіміз – әрбір жобаның уақытылы іске асырылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді. Ол жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеп, қажетті қолдау көрсетеді», – деді өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1260871?lang=ru

Жауап қалдыру