
Бүгін Түркістан қаласындағы Орталық Азияда теңдесі жоқ Есу арнасында жаңа суға шомылуға арналған жағажайдың ашылуы өтті.
Шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы қатысып, жаңа демалыс орны тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында ашылғанын атап өтті.
Жағажайдың ұзындығы шамамен 1 шақырымды құрайды. Демалыс аймағында суға түсуге арналған арнайы орындар, 4 құтқару мұнарасы, киім ауыстыру бөлмелері, көлеңкелі шатырлар, балалар ойын және су сырғанақ алаңдары, жағажай волейболы мен воркаут алаңдары, катамаран және қайықпен серуендеу қызметі, банджи-батут секілді ойын-сауық нысандары қарастырылған.
Су сапасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және экология саласы мамандарының зертханалық тексерулерінен өткен. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы дайындықтан өткен құтқарушылар тұрақты қызмет атқарады.
Ашылу салтанаты мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, келушілер жағажайдың мүмкіндіктерін пайдаланып, суға түсіп, қайықтармен серуендеуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, жағажай күнделікті 08:00-20:00 аралығында жұмыс істейді. Кіру құны: 6 жасқа дейінгі балаларға – тегін, 7-14 жас аралығына – 500 теңге, 15 жастан жоғары келушілерге – 1000 теңге.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1260889?lang=kk

Жауап қалдыру