
Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта полиция қызметкерлері денсаулық жағдайына байланысты көлік құралын басқаруға құқығы жоқ азаматтарды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп келеді. Медициналық ұйымдармен бірлескен ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижесінде психиатр мен нарколог дәрігерлердің диспансерлік есебінде тұрған 603 азаматтың жүргізуші куәлігінің күші сот шешімімен тоқтатылды. Жүргізілген жұмыстар барысында арнайы медициналық бақылауда тұрған азаматтардың мәліметтері жүргізуші куәліктерінің ақпараттық базасымен салыстырылып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Бұл – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық тетік. Полиция мұндай шешімдердің жазалау мақсатында қабылданбайтынын атап өтеді. Психикалық денсаулыққа немесе есірткі және алкогольге тәуелділікке байланысты медициналық қарсы көрсетілімдер жүргізушінің жолдағы жағдайды дұрыс бағалауына, зейіні мен әрекет ету жылдамдығына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда көлік басқару ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал. Сондықтан жүргізуші куәлігінің күшін тоқтату – ең алдымен қайғылы жағдайлардың алдын алуға және жол қозғалысының барлық қатысушысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңмен көзделген шара. Қарағанды облысы полиция департаменті азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, медициналық тексерулерден уақытылы өтіп, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Себебі қауіпсіз жол – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен тәртібінен басталады. Жолдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1261090?lang=ru

Жауап қалдыру