Ыстық ауа райында тағамнан уланудың алдын алыңыз!

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғары болуы тек адам ағзасына ғана емес, сонымен қатар тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне де айтарлықтай әсер етеді. Ыстық ауа райында ауру тудыратын микроорганизмдер тағам өнімдерінде қарқынды көбейіп, олардың бұзылуына және жаппай тағамнан улану жағдайларына әкелуі мүмкін. Сондықтан жаз айларында тағам өнімдерін дұрыс сақтау, дайындау және тұтыну мәселелері ерекше маңызға ие.

Тағамнан улану — құрамында ауру тудыратын бактериялар, олардың токсиндері немесе улы заттары бар тағам өнімдерін тұтыну салдарынан пайда болатын жіті ауру. Жаз мезгілінде жоғары температураның әсерінен сальмонеллалар, ішек таяқшасы тобының бактериялары, стафилококктар және басқа да микроорганизмдер әлдеқайда жылдам көбейеді. Ең қауіпті өнімдер қатарына сүт және сүт өнімдері, ет және құс еті, балық пен теңіз өнімдері, жартылай фабрикаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, майонез қосылған салаттар және дайын аспаздық өнімдер жатады.

Тағамнан уланудың алғашқы белгілері әдетте тамақ ішкеннен кейін бірнеше сағаттан соң байқалады. Негізгі белгілеріне жүрек айну, бірнеше рет құсу, іштің бүріп ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, бас айналу және ағзаның сусыздануы жатады.

Тағамнан уланудың алдын алудың ең тиімді жолы — қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау. Ең алдымен тағам өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алу қажет. Сонымен қатар өнімнің жарамдылық мерзіміне, қаптамасының бүтіндігіне және сақтау жағдайларына міндетті түрде назар аудару керек. Қаптамасы зақымдалған, бұзылған немесе ісінген, сондай-ақ иісі мен түсі өзгерген өнімдерді пайдалануға болмайды.

Жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану нысандарының жауапкершілігі де артады. Қоғамдық тамақтану орындарында өндірістік бақылау жүргізілуі, технологиялық процестердің сақталуы, тез бұзылатын өнімдерді сақтау кезіндегі температуралық режимнің бақылануы және тағам өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы қамтамасыз етілуі тиіс. Қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден өтуге және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтауға міндетті. Сонымен қатар үй-жайлардың санитариялық тазалығын сақтау, дезинфекциялық іс-шараларды уақтылы жүргізу және жабдықтарды жарамды күйде ұстау тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі талаптардың бірі болып табылады.

Жаздың ыстық күндерінде денсаулығыңызды сақтаңыз. Тағам өнімдерін белгісіз жерлерден сатып алмаңыз, тез бұзылатын өнімдерді сақтау талаптарын орындаңыз, қауіпсіз ауыз суды пайдаланыңыз және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтаңыз. Бұл қарапайым ережелер тағамнан уланудың алдын алып қана қоймай, өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-turkestan/press/news/details/1261168?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді