
Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Шардара қаласындағы №14 пикетте болып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылғалы тұрған «Тама» ауыз суы нысанындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді.
Бүгінде нысан аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алаңға көгал төселіп, декоративтік ағаштар отырғызылған. Сонымен қатар жасыл желектің өсуін қамтамасыз ететін автоматты суару жүйесі іске қосылуда. Бұл жұмыстар нысанның эстетикалық талаптарға да толық сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Одан кейін аудан әкімі жаңадан бой көтеріп жатқан екінші шағын өндірістік парктің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.
Аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы А. Махашевтің айтуынша, өндірістік парк құрылысын «Береке-Building» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы аумағы 1931,8 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды 2026 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.
Ал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ө. Рүстем екінші шағын өндірістік парктің құрылысы біткен соң онда өз кәсіптерін орналастыруға ниетті бірқатар кәсіпкерлердің қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұл жоба жаңа өндіріс орындарының ашылуына, инвестиция көлемінің артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына зор мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарын қорытындылаған аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге «Тама» ауыз суы нысанын ел игілігіне беру алдындағы барлық дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде аяқтап, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын сапалы жүргізуді, сондай-ақ инженерлік жүйелердің толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар өндірістік парк құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл жобалардың жүзеге асуы аудан экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға серпін беретінін атап өтті.
Шардарада жүзеге асырылып жатқан әрбір ірі жоба – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1262154?lang=ru

Жауап қалдыру