
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Оңтүстік Кореяның «YPP Corporation» компаниясының директоры Ким Чон Хванмен кездесті. Соның барысында өңірде жаңартылатын энергия көздері негізінде жұмыс істейтін электр станцияларын, аккумуляторлық энергия сақтау жүйелерін, сутегі мен аммиак өндіретін және өңдейтін зауыттарды салу жобасы жайлы талқыланды.
Жоба аясында жалпы қуаты 1,3 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздерін іске қосу қарастырылған. Сонымен қатар өндірілетін электр энергиясының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында сыйымдылығы 320 МВт·сағ болатын аккумуляторлық энергия сақтау жүйесін (BESS) салу көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта жоба мен оның өндірістік ауқымына қатысты техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін халықаралық консалтингтік және инжинирингтік компаниялар дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шығыс Қазақстанда өндірілетін «жасыл» аммиак теміржол арқылы Қытай мен Ресейдің теңіз порттарына жеткізіледі деп жоспарланған. Одан әрі өнім Оңтүстік Корея мен Азияның басқа да елдеріндегі тұтынушыларға теңіз арқылы экспортталады.
«Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – бүгінгі таңдағы негізгі басымдықтарымыздың бірі. Шығыс Қазақстанның табиғи әлеуеті жел және су энергетикасын дамытуға қолайлы. Сондықтан осындай ірі инвестициялық жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қазақстанның Азия елдеріне «жасыл» сутегі экспорттайтын сенімді мемлекет ретіндегі халықаралық беделін нығайтатын жоба іске асса тікелей шетелдік инвестиция көлемі шамамен 3 млрд АҚШ долларын құрайды. Жобаны әзірлеу және құрылыс кезінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, пайдалану және техникалық қызмет көрсету кезеңінде 1 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1262174?lang=ru

Жауап қалдыру