
Талдықорғанда апатты үйлерде тұрған 17 отбасыға жаңа баспана берілді
Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзіл апатты деп танылған тұрғын үйлерде тұрған 17 отбасыға «Жастар-1/1», «Жастар-3» тұрғын үй алаптары мен «Береке» коттедж қалашығынан жаңа баспаналардың кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, «2022–2025 жылдарға арналған Реновация» бағдарламасы аясында қала бойынша 38 тұрғын үй (274 пәтер) апатты деп танылды. Бағдарлама шеңберінде бүгінгі күнге дейін 118 отбасы жаңа әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етілді.
Оның ішінде, өткен жылы 19 отбасы жаңа қонысқа ие болса, биыл тағы 29 отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Соның ішінде бүгін 17 отбасыға жаңа баспаналардың кілттері табысталып, олар көптен күткен қоныс тойын тойлауда.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген қала әкімі Ернат Бәзіл өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес апатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтарды жаңа баспанамен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отырғанын атап өтіп, қоныс тойын тойлап жатқан отбасыларды қуаныштарымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жаңа баспананың кілтін алғандардың қатарында 80 жастан асқан Жаңылтай Сүгірбаева да бар. Ақ жаулықты ана 20 жылдан астам уақыт апатты тұрғын үйде тұрғанын айтып, қуанышымен бөлісті.
– Осындай күнді көп күттім. Жылдар бойы ескі, апатты үйде тұрдық. Бүгін жаңа үйдің кілтін алып, қуанышымда шек жоқ. Бізге осындай қамқорлық көрсеткен мемлекетке және азаматтардың мәселесіне бейжай қарамайтын басшылыққа шын жүректен алғысымды білдіремін. Баршаңызға амандық тілеймін, – деді «Жастар-3» тұрғын үй алабынан үй алған Жаңылтай Сүгірбаева.
Жаңа баспананың кілтін алған тұрғындар қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, жайлы әрі қауіпсіз тұрғын үйге қол жеткізу олардың көптен күткен арманы болғанын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1262037?lang=ru

Жауап қалдыру