Қарағанды облысында 500 дене шынықтыру мұғалімі бейімделген спорт бойынша оқытылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жыл соңына дейін Қарағанды облысында 500-ге жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бейімделген дене шынықтырудың негіздері мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу бағытында оқытудан өтеді. Соның нәтижесінде өңірдегі әрбір мектепте кемінде бір арнайы даярланған маман болады.

Бұл жоба инклюзивті білім беруді жүйелі түрде дамыту жұмысының жалғасы саналады. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тоқсан сайын мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен кездесіп, салалық ведомстволармен бірге өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырады.

Жаңа оқу жылынан бастап бейімделген дене шынықтыру пәні Қарағандыдағы екі колледждің білім беру бағдарламасына енгізіледі. Осылайша болашақ дене шынықтыру мұғалімдері қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды оқу барысында-ақ меңгеруге мүмкіндік алады.

Мүгедектігі бар жасөспірімдердің әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Егер өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының пилоттық жобасына 10 адам қатысса, биыл олардың саны 50-ге жетті.

Қазіргі таңда Қарағандыда «Әсет Инклюзив» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының базасында инклюзивті еңбек жасақтары жұмыс істеп жатыр. Ермағанбет Бөлекпаев жобаны жыл бойы жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Batyl Jureg қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Гаухар Әкіжанованың айтуынша, облыс әкімімен өтетін кездесулер өңір үшін маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді.

– Бұл бір баланың немесе бір қаланың мәселесі емес. Біз баршаға ортақ түйткілдерді талқылап, салалық ведомстволармен бірлесіп шешім іздейміз. Аудандар мен қалалардың өздері бастама көтеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін спорттың қандай бағыттарын дамыту қажет екеніне қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Біздің көптеген ұсыныстарымыз қолдау тауып жатыр, – деді ол.

Өңірде бейімделген спортты дамыту жұмысы жалғасуда. Биыл Осакаров және Бұқар жырау аудандарында жеңіл атлетика секциялары ашылды. Сонымен қатар Саран қаласында, оның ішінде жүзу спорты бойынша спорттық топтардың жұмысы жалғасып келеді.

Бұдан бөлек, менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған бейімделген жүзу бағдарламалары мен жеңіл атлетика секцияларындағы орын саны ұлғайтылды.

Тағы бір маңызды бастама – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің базасында даму ерекшеліктері бар балаларға арналған жазғы лагерьдің ұйымдастырылуы. Алғашқы маусым ата-аналардың оң бағасына ие болып, болашақ мамандар үшін тиімді тәжірибе алаңына айналды. Сондай-ақ бұған дейінгі кездесулердің бірінің қорытындысы бойынша Теміртауда мүгедектігі бар балаларға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі енгізілді.

– Жыл сайын оңалтуға, арнайы бағдарламаларға және қолжетімді спорттық сабақтарға мұқтаж балалар саны артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан инклюзивті ортаны одан әрі дамытып, сабақтардың сапасын жақсартып, осындай жобаларды қолдауды жалғастырамыз. Ата-аналармен ашық диалог нақты мәселелерді көріп, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1262275?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді