
2026 жылғы 22 шілде күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті. Сессияның жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 1 мәселе қаралып, «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы №20/268-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жаппар Күмісбек баяндама жасады.
Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мағауия Тұрысбеков комиссия қорытындысымен таныстырып, депутаттар тиісті шешім қабылдады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Бүгінгі кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты қарап, қолдау білдіргендеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қабылданған шешімдер – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам. Бөлінген бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Барлық жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне қабылданған шешімдердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Біз осы қарқынды сақтап, бірлескен жұмысты жандандыра түсуіміз қажет, – деген облыс өңірде импортты алмастыру, өндірісті дамыту, өз-өзін толық қамтитын облыс деңгейіне жету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен жұмысының арқасында биылғы 6 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, Түркістан облысы республикада 1 орынға шықты. Бұл – жүйелі жұмыстың және өңірдің әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, өндірістік парктерді жандандыру, терең өңдеуді дамыту, ауыл шаруашылығы, туризм бағытындағы жобаларға басымдық берілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1262425?lang=ru

Жауап қалдыру