Қазақстанда ұлттық деректер нарығын қалыптастыруға бастау берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі ұйымдастырған Data Economy Conference конференциясы өтті. Іс-шараның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің талаптарына сәйкес мемлекеттік тізілімге енгізілген цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымына арналған алғашқы платформалардың таныстырылымы болды.

Алғашқы платформалардың тіркелуі Цифрлық кодекс ережелерін практикалық тұрғыдан іске асырудың және Қазақстанда реттелетін деректер нарығын қалыптастырудың маңызды кезеңіне айналды.

Цифрлық кодекс «деректер экономикасы», «цифрлық деректер өнімі» және «цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасы» ұғымдарын бекіте отырып, деректер экономикасын дамытудың құқықтық негізін қалады. Оның ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі цифрлық деректер өнімдерін қалыптастыру және бағалау, алмасу платформаларының жұмыс істеуі, сондай-ақ мемлекеттік тізілімді жүргізу тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді бекітті.

Конференцияға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдерінің, қаржы секторының, IT-компаниялардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Қатысушылар Цифрлық кодекс ережелерін іске асырудың практикалық аспектілерін, деректер экономикасын дамыту мәселелерін, деректер нарығының жұмыс істеу тетіктерін, цифрлық деректер өнімдерін коммерцияландыруды, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуде деректерді пайдалануды, сондай-ақ ақпаратты қорғау және азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелерін талқылады.

Қалыптасып жатқан ұлттық деректер нарығының өзегіне цифрлық деректер өнімдерін орналастыруға, іздеуге, олармен алмасуға және коммерцияландыруға арналған Astana Data Exchange (ADX) ұлттық платформасы айналды. Сонымен қатар мемлекеттік тізілімге MedEx және Kompra платформалары енгізілді.

«Бүгін Қазақстан деректер экономикасын дамыту жолында маңызды қадам жасап отыр. Цифрлық кодекс ұлттық деректер нарығын іске қосудың құқықтық негізін қалыптастырды, ал алғашқы тіркелген платформалар нормативтік ережелердің практикалық іске асырылып жатқанын көрсетеді. Бұл мемлекет, бизнес, ғылым және жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Ұлттық статистика Бюросының басшысы Мақсат Тұрлубаев.

Платформаларды тіркеу мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми ұйымдар және нарықтың басқа да қатысушылары арасында цифрлық деректер өнімдерімен қауіпсіз әрі ашық алмасуға құқықтық жағдайларды қамтамасыз етеді. Бұл ретте айналым нысаны дербес деректер емес, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды өңдеу және иесіздендіру негізінде қалыптастырылған цифрлық деректер өнімдері болып табылады.

Алғашқы цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының тіркелуі ұлттық деректер нарығын одан әрі дамытуға, цифрлық сервистерді енгізуге, жасанды интеллект технологияларын қолдануды кеңейтуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға негіз қалайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aspr/press/news/details/1262536?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді