ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНҚОРДЫ БІРІЗДЕНДІРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақ терминологиясы бүгін қандай бағытта дамып келеді? Жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде ұлттық терминқорды қалыптастыруға кім жауапты? Неліктен ресми бекітілген кейбір термин қолданысқа енбей, бір ұғым бірнеше атаумен беріліп жүр? Терминологиялық сөздіктердің сапасын арттырып, қазақ тілін ғылым мен технологияның толыққанды тіліне айналдыру үшін қандай нақты қадамдар қажет? Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде белгілі тілтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлымен сұқбаттасқан едік. 

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

академик:

– Қазақ тілінде қандай жаңа терминдер қалыптасып, қолданысқа еніп жатыр? Сәтті шыққан бірнеше мысалды атай аласыз ба?
 – Ел Тәуелсіздігін жариялаған соңғы 30–35 жылда тілімізге ондаған, жүздеген жаңа термин қолданысқа енді. Айталық: айдауыл, әкімдік, әуежай, демеуші, заңгер, қаржыгер, жасуша, жеделхат, зертхана, кәдесый, кәсіпкер, кепілхат, құжат, отбасы, кешен, әнұран, елтаңба, елтану, мерейтой, отаншылдық, пернетақта,  сыйақы, тосынсый, төралқа, ұшақ, үлескер, үстемеақы, хаттама, ықпалдастық, іссапар, іс-шара сияқты терминдер мен атаулар солардың қатарына кіреді. Мұндай терминдердің арасында айтылым, естілім, жазылым, оқылым, тыңдалым, қаралым, қойылым, өтінім, тіркелім, шақырылым сияқты бір үлгімен жасалғандары да бар. Қолданысқа енген осы сияқты ондаған термин мен атауды сәтті жасалғандар санатына қосуға болады. 
Тәуелсіздіктің алғашқы он-он бес жылында ұлт тілінде жаңа термин жасап, оларды қолданысқа енгізу қарқынды түрде жүрді. Қазақтың терминқоры осы кезеңде көптеген жаңа терминмен толықты. Алайда түрлі себептерге байланысты кейінгі он жылдықта термин шығармашылығындағы алғашқы қарқын бәсеңдеп қалды. Бірақ қазақ тілінде термин жасау үрдісі үзілген жоқ, жалғасып жатыр. 
90-жылдардан бергі соңғы 30-35 жыл көлемінде пайда болған жаңа терминдер де, жаңа атаулар да лингвист мамандар назарынан тыс қалған емес. Біз оларды жүйелі түрде жинап, саралап, әр бес жыл сайын: «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер», «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар. Бірінші кітап», «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар. Екінші кітап» сияқты кітаптар шығарып отырдық. 2023 жылы «Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі» атты соңғы 30 жылда жасалған жаңа атаулардың сөздігін жарияладық. Жуырда ғана Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты А.Әубәкірова біздің жетекшілігімізбен «Қазақ тіліндегі жаңа терминдер: жасалуы мен қолданысы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Қ.Алдашева «Қазақ неологиясы мен неографиясы» атты зерттеу еңбегі мен ғылыми мақалаларын жариялады. Сондай-ақ кейінгі кезеңде ұлт тілінде жаңадан жасалған автожол, аудио­кітап, аэрошана, әуебилет, әуевокзал, бейнекамера, бейнеклип, бейнемагнитофон, бейнефильм, биоотын, биотөлқұжат, веложарыс, минаіздегіш, газқұбыр, геосая­сат, геосаяси, дендробақ, еуроаймақ, еуроодақ, зообақ, инфрақұрылым, киноөндіріс, кинотаспа, ксерокөшірме, макроөңір, метеожабдық, субқоржын, телеайтыс, телеарна, теледидар, тележүргізуші, фотоайғақ, фотобайқау, фотокөрме, фотокөшірме, фотоқұжат, фототілші, экожоба, экоорталық, этноауыл этносаясат тәрізді будан терминдер қатары күрт көбейіп кетті. Осы іспетті ондаған будан терминдер тілімізде қазір кеңінен қолданылып жүр. Бұл мәселе де А.Ахметтің «Қазіргі қазақ тіліндегі будан терминдер» атты докторлық диссертациясында арнайы қарастырылды. 

– Жасанды интеллект, ІТ, медицина, биотехнология және киберқауіпсіздік салаларында қазақша термин жасау жұмысы қаншалық жүйелі жүргізіліп жатыр?
 – ІТ саласы бойынша бірнеше кандидаттық, докторлық (PhD) диссертациялар жазылды. Осы жылдың наурыз айында шәкіртіміз Б.Кеңес «Қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясы» деген тақырыпта диссертация қорғап, PhD дәрежесін иеленді. Биотехнология терминологиясы да PhD докторанты тарапынан зерттеліп жатыр. Медицина саласы бойын­ша бірнеше сөздік шықты, диссертация жазылды. Бұл сала терминологиясы біршама зерттелген. Ал жасанды интеллект, киберқауіпсіздік салаларының терминологиясы әлі зерттеле қойған жоқ. Бұл сала терминдерінің көпшілігі шет тілдерінен енген. Мұндай жаңа салалардағы қазақша терминдер үлесі өте төмен. Осы сала терминологиясын арнайы зерттеп, олардың қазақша жасалуына мән берудің маңызы зор. Ғылым мен технологияның жаңа салаларында қазақша термин жасау жүйелі түрде жүзеге асырылуы үшін өзінің зерттеу бағыты  бойынша қазақ тілінде түрлі еңбектер жазатын, жоғары оқу орындарында дәріс бере алатын, кәсіби қызметтерінде қазақша қарым-қатынас жасайтын қазақтілді мамандар болуға тиіс. Бізде ондай мамандар өте аз, қазақтілді кәсіби орта да қалыптаса қоймаған. Сол себепті  осындай жаңа салаларда қазақша терминдер жасау, оларды қолдану мәселесінде қиындық бар. Оларды еңсеру үшін қазақтілді сала мамандарын даярлап, кәсіби орта қалыптастыру бағытында мақсатты жұмыс жүргізілуі керек. Мұндай іске отандық білім, ғылым саясатының маңызды қыры ретінде қарау қажет деп санаймыз. 

– Қазір жарық көріп жатқан терминологиялық сөздіктер, монографиялар мен анықтамалықтардың ғылыми сапасын қалай бағалайсыз? Кейінгі кезде шыққан қандай еңбектерді ерекше атар едіңіз? 
– Ертелі-кеш жарық көрген сөздіктер мен ғылыми еңбектердің бәрінің сапасы еш уақытта бірдей болған емес, болмайды да. Өйткені қай заманда да бір салада еңбек ететін барлық маманның кәсіби дайындығы, біліктілігі, қарым-қабілеті, іске жауапкершілігі бірдей болмайды. Бір маман бар қырынан мықты, мәселенің бар аспектісін қамтитын жан-жақты болуы сиректеу құбылыс. Қазіргі уақыт туралы да соны айтуға болады. Жарық көрген еңбектер арасында кәсіби дайындығы жоғары, білікті мамандар қолынан шыққан сапалы еңбектер де, орташалары да, сапасы төмендері де бар. Диссертация, монографиялар мен ғылыми мақалалар арасында жан-жақты ізденіс негізінде жазылған жақсы еңбектер қолымызға тигенде маңызды ақпарат алып, ойымызға ой қосылып қуанып қаламыз. Ғылыми ізденіс сонысымен қызық әрі құнды. Өз саламыздағы үлкен-кіші, өзімізбен қатар әріптестеріміздің ондай көп ізденістен туындаған еңбектері бізге жақсы таныс. Ғылыми кадр даярлау мен ғылыми еңбектерге қойылатын талаптар, оларды сараптау, бағалау өлшемшарттары нақты болса, әр маман өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараса, сапа бұдан да арта түсері сөзсіз. Дегенмен диссертация, ғылыми монография мен ғылыми мақала талаптарына толық сай келе бермейтін ғылыми дәреже үшін, сан үшін, есеп үшін жазылатын сапасы жоғары емес еңбектер де ұшырасатыны ешкімге құпия болмаса керек. Біз солардың бәрін айқындайтын дара сарапшы міндетін мойнымызға алудан аулақпыз. Өзіміз де осы ғылыми қауымдастықтың мүшесі, отандық ғылыми маманның біріміз. Сондықтан өзімізді айрықша рөлге қойып, бәріне жоғарыдан қарап баға бергеніміз ғылыми әдепке жата қоймас. Негізі ғылыми кадрлар мен жарық көрген жұмыстар сапасын анықтауға тиіс құрылымдар жеткілікті. Тиісті еңбектерге тек ғылыми сарапшы, рецензент ретінде баға берудің жөні бір бөлек. Ондай іспен үнемі айналысып та келеміз.
Бір айтарымыз – біздегі терминологиялық сөздіктердің басым көпшілігінің сапасы жоғары емес. Біріне бірі қайшы келетін, бір ғылыми ұғымды түрліше атайтын сөздіктер ғылым тілін, терминологияны біріздендіруге қызмет етпесі анық. Осы істі жолға қоймаса болмайды. 

–  Терминологиялық сөздіктерді сапалы әзірлеп жүрген қандай ғылыми орталықтар, институттар немесе баспалар бар? Олардың жұмысының артықшылығы не?
– Терминологиялық сөздіктерді әзірлеген ғылыми ұйымдар да, баспалар да, жеке авторлар аз емес қой. Университеттерден, ғылыми-зерттеу институттарынан, орталықтар мен баспалардан әр жылдары түрлі сөздіктер шықты. Жеке авторлардың ынтасымен басылғандары да бар. Бірақ сала мамандары қолынан тастамай қолданатын, нағыз маман қолынан шыққан өте сапалы жасалған сөздіктер көп деп айта алмаймыз. Оның үстіне терминографияны қолға алып, бүкіл терминологиялық сөздіктерді сараптан өткізіп, олардың сапасын анықтап, талапқа сай жасалғандарын ғана баспаға ұсынып, салалық сөздіктерді шығаруды реттеп отырған кәсіби мамандар шоғырланған арнайы құрылым болмай отыр. Соның салдарынан терминологиялық сөздіктер көп болмағанымен терминологияда ала-құлалық, жарыспалылық азаймай тұр. Белгілі бір саланың арнаулы ұғымы мен оның атауына қатысты кез келген қажетті ақпаратыңды таба алатын сапалы сөздіктер керек-ақ. Сондай-ақ сала мамандарының арасында жүйелі түрде термин шығармашылығымен айналысып, өз саласының ғылыми ұғымдарына қазақша атау беріп, оларды терминологиялық сөздіктерге енгізіп жүргендері де сирек ұшырасады. Әсіресе жаратылыстану, инженерия саласында осындай мамандар тапшы. Бұл қазақ тілінің осы салалардағы қолданысынан хабардар ететін жағдай. Сол себепті қазақ тілін ұлттық терминқоры қалыптасқан нағыз ғылым тілі етеміз десек, ғылыми еңбектерін қазақша жазатын, ұлт тілінде термин жасайтын сала мамандарын даярлауға ерекше мән беру қажет.   
– Терминологиялық еңбек әзірлегенде қандай негізгі ғылыми талаптар сақталуы керек? Қазіргі басылымдарда қандай кемшіліктер жиі кездеседі? 
–  Терминология саласы бойынша дайындалған еңбектер әртүрлі болуы мүмкін. Олар – монография, диссертация, ғылыми мақала, оқулық, оқу құралы, әдістемелік құрал, сөздік және тағы басқалар. Олардың әрқайсына қойылатын талаптар болады. Мысалы, моног­рафия, диссертация, ғылыми мақала негізінде зерттеу тақырыбы, қарастырылып отырған мәселе жан-жақты зерделеніп, жиналған қажетті тілдік деректер талдана отырып, ғылыми-теориялық, практикалық мәні бар қорытынды жасалуы керек. Ал терминологиялық сөздіктің типіне қарай белгілі сала терминдерінің анықтамасы, мағынасы,  аудармасы, этимологиясы нақты көрсетілуге тиіс. Оқулықтар мен оқу құралында мамандықты толық меңгеруге қажетті білім мазмұны қамтылуы талап етіледі. 
Кемшіліктерін көрсету үшін жалпы сөз етпей, осылардың әрқайсын жеке қарастырып, кемшін тұстарын нақты көрсету керек. Мәселен, терминдердің сөздіктерде берілуі, ресми бекітілуі мен қолданысындағы кемшіліктерге келсек, кейінгі 30 жылда бір ғана ­медсестра терминінің медбике, медбибі, мейірбике, мейірбибі, мейіркеш, мейірбикеш, аяжан, хайрия сияқты 8 нұсқада, ал истец деген заң терминінің талапкер, даугер, қуынушы, қуынымшы, талап қоюшы, дауталапшы түрінде әр сөздікте әр түрлі беріліп, қайта-қайта бекітілуін айтсақ та жеткілікті болатын шығар. Мұндай жарыспалылық, термин қолданысындағы тұрақсыздық болған жерде жұрт қай сөздікті пайдаланарын, терминкомның қай шешімін басшылыққа аларын білмей дал болады. Айналып келгенде лексикографиядағы, терминдерді үйлестірудегі мұндай жүйесіздік, бірізділіктің сақталмауы ұлт тілінің, ғылым тілінің, оның терминдер қорының беделіне нұқсан келтіреді. 

– Мемтерминком бекіткен көптеген термин неліктен халықтың тіліне сіңбей қалады? Мәселе терминнің сапасында ма, әлде оны қолданысқа енгізу жүйесінде ме? 
– Екеуі де бар. Біріншіден, бірқатар термин терминге қоятын талаптарға сай жасалмағандықтан ресми орган бекіткенмен ғылым тілінде тұрақтамайды. Терминком термин жасау­мен тұрақты түрде айналыспайды. Комиссия негізінен түрлі сала мамандарынан келіп түскен терминдерді сараптап, мақұлдайды. Ұсынушылармен келісе отырып, өз тараптарынан түзетулер де енгізеді.  Әр жылдары оның құрамында да әртүрлі көзқарастағы, ұстанымдары да әрбасқа мамандар болды. Сондықтан талқылау барысында бір термин жөнінде ортақ келісімге келе алмай жатқан жағдайда басым дауыспен шешім қабылданады. Комиссиядағы сияқты сала мамандарының арасында да бекіткен терминдерге қатысты пікірлері әртүрлі болып жататын жағдайлар ұшырасады. Мәселен, сала мамандарының бірқатары терминнің қазақша нұсқасынан гөрі шет тілдеріндегі (ағылшын, неміс, грек, латын және т.б.) нұсқасын қолданғанды құп көреді. Филологтер мен қоғамдық ғылымдар өкілдерінің көпшілігі терминнің ұлт тілінде жасалған нұсқасының қолданысқа енгенін қалап жатады. 
Екіншіден, Терминком консультациялық-кеңесші орган болғандықтан бекіткен терминдерін енгізуді, оның жаппай бірізді қолданылуын қатаң түрде талап етіп, ешкімге міндеттей алмайды. Комиссияның ондай құзыреті жоқ. Тек мақұлдап, ұсыныс береді. Соған сәйкес мамандардың бір бөлігі оның бекіткен терминдерін негізге алып, қолданатын болса, екіншілері оларды қолдануды міндетті деп санамайды. Тіпті терминком бекіткеннен кейін көпшілік пен сала мамандары жаппай қолданып жүрген терминді өз еңбектерінде ұғымның шет тілдік нұсқасын ғана пайдаланатын ғалымдар мен сала мамандары да болады. Біздің ғылыми қауымның аға буынының елеулі бөлігі орысша оқыған, Мәскеуде білім алған советтік ғалымдар болса, ал қазір жас буынның арасында шетел университеттерінде білім алған, ағылшынша, қытайша, немісше оқығандар аз емес. Олар оқу үдерісінде, кәсіби қызметінде негізінен өздері маманданған тілдің терминологиясын пайдаланады. Ғылыми еңбектерін шеттілдерінде жазады. Ондай мамандар қазақша жазылған ғылыми еңбектерді оқып, терминком бекіткен қазақша терминдерді қажетсініп іздеп, еңбектерінде қолдана бермейді. Қазақша терминдердің жаппай сұранысқа ие бола бермейтінінің негізгі себептерінің бір осында жатыр. Қазақтың ғылым тілі, терминологиясы туралы сөз еткенде мәселенің осы қырын ерекше назарға алған жөн. Терминді жасайтын да, өз саласының тілінде қолданатын да жалпы халық емес, негізінен ғалымдар мен сала мамандары. Содан кейін барып терминдердің аз ғана бөлігі көпшілікке белгілі болып, кейбіреулері жалпыхалықтық тілде қолданылып жатады. Ендеше қазақша терминдердің жасалуы да, қолданысы да, ғылым тілінде берік орнығуы да әр саланың ғалымдары мен мамандарының қолында екенін ашып айтқан дұрыс. Ұлт тіліндегі сала терминологиясын қалыптастыру жауапкершігі солардың мойнындағы міндет. Терминге қатысты талап та сала мамандарына қойылып, сұраныс та солардан болуға тиіс.
Мәселен, өткен ғасыр басында Петербург императорлық әскери-медицина академиясын бітірген медик ғалым Халел Досмұхамедұлы қазақша оқулықтар жазып, биология, медицина терминдерін қазақша жасады. Мысалы, Халелдің «Жануарлар» атты оқулығында: ақ түйір (лейкоцит), арамтамақтық (паразитизм), бас-көкірек (головогрудь, голово-грудь), борша (мышцы), буынаяқтылар (членистоногие), буынтұмсықтылар (членистохоботные), тортұмсықтылар (сетчатокрылые), жарғақ қанат (перепончатое крыло), құжайра (клетка), ұлпа (ткань), таяқшық (палочка), тозаңдандыру (опыление), тор, торқабық (сетчатка) сияқты  ондаған, жүздеген терминдер қолданылады. 
Орман технологиялық институтының экономика факультетін бітірген Ә.Бөкейхан да қазақша астрономия, география терминдерін жасап, оқулықтар жазды.  Қазақтың аз ғана оқығандары көп іс тындырды. Орысша оқыған осы тұлғалар сияқты шет тілдерінде озық білім алған қазақтар бүгін де қазақша оқулықтар жазып, зерттеулер жүргізіп, қазақ терминдерін жасап, ұлттық ғылым тілінің дамуына үлес қосам десе, кім кедергі келтіріп отыр? Өкінішке қарай, ондай үрдіс байқалмайды. Тіпті үлгі етерлік жекелеген мысалдар да келтіре алмай отырмыз. Мүмкін біз білмейтін бірлі-жарым мамандар бар да шығар, бірақ әзірге олардың үні қоғамға, сала мамандарына естілмеді. Мұндай жағдай қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға басымдық беріліп, соған сәйкес осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатыр деуге негіз жеткіліксіз екенін көрсетеді. 
Термин де лексикалық бірлік, яғни ол да сөз болғандықтан лингвистер, терминтанушылар осы термин сөз табиғатын зерттеумен, олардың әдеби тіл талаптарына, тілдік нормаға сәйкестігі, социолингвистикалық, психолингвистикалық, когнитивтік қырлары тұрғысынан қарастырады.

– Терминнің өміршеңдігін кім анықтайды: ғалымдар мен салалық мамандар ма, БАҚ па, әлде халықтың күнделікті қолданысы ма? 
– Термин деген белгілі бір арнаулы саладағы ұғымды білдіретін сөз. Ахмет ­Байтұрсынұлынша айтқанда – пән сөз. Олардың басым көпшілігі ғылымның бір саласында, мамандар тілінде, солардың еңбектерінде кездеседі. Сондықтан оның жасалуын да, қолданысын да, қолданыстан шығарылуын да тиісті саланың мамандары, сол саланы зерттейтін ғалымдар анықтауға тиіс. Жалпы халық, БАҚ өкілдері биотехнология, вирусология немесе нанотехнология саласы терминдерінің жүзден, мыңнан бірін ғана білуі мүмкін. Олардың қандай ұғымды білдіретінін, сала ұғымдары арасында қандай байланыс барын, ұғымдар жүйесінің иерархиясын тек сол салаға терең маманданғандар біле алады. Сондықтан әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс қой.  

– Бекітілген терминдердің оқулықтарда, БАҚ-та, ғылыми еңбектерде және цифрлық платформаларда бірізді қолданылуын кім үйлестіреді?
– Негізі, терминдер қолданысын реттеуге жауапты болуға тиіс ең жоғары мәртебелі орган – Терминком. Бірақ бұл комиссия терминдердің оқулықтардағы, БАҚ-тағы, ғылыми еңбектердегі және цифрлық платформалардағы термин қолданысын жүйелі түрде қадағалап, өзі бекіткен терминдердің бірізді жұмсалуын үйлестіріп отырған жоқ. Оның шешімі бұл салалар үшін міндетті емес және қадағалау функциясы болмағандықтан үйлестіру жұмысын да жүргізе алмайды. Жоғарыда айт­қанымыздай консультациялық-кеңесші орган болғандықтан кеңес берумен, тек ұсынылған терминдерді бекітумен шектеліп отыр. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен «Тіл-қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталықтары ғылыми мекемелер. Олардың негізгі міндеті – ғылыми-зерттеу жүргізу. Ендеше іс жүзінде терминдер қолданысын үйлестірумен тікелей айналысып отырған мемлекеттік органды немесе басқа ұйымды көріп отырған жоқпыз. 

–  Қазіргі қазақ терминологиясының алдында тұрған ең өзекті үш мәселені атасаңыз, қайсысына бірінші кезекте назар аудару қажет? 
–  Біріншісі – терминологиялық жұмыстарды ­Республика көлемінде кәсіби деңгейде реттеу, үйлестіру. Яғни барлық терминологиялық жұмысы жүргізуді жолға қою. Екіншісі – терминологияны цифрландыру, терминдердің ұлттық электронды дерекқорын жасау. Терминологиялық ішкорпусты, барлық терминология­лық сөздікті пайдаланып, осыған енгізу маңызды. Үшіншісі – терминтанушы ғылыми кадрлар мен терминжасамға кәсіби маманданған терминшілер даярлау. Бұлардың қай-қайсысы да маңызды. Алайда қазіргі қолданыстағы терминдерімізді ретке келтіруді кейінге қалдырмай, алдымен содан бастаған орынды. Ретсіздік, жарыспалылыққа жол бермей, кеткен кемшіліктерді уақыт созбай түзетіп, қолда бар терминқорды біріздендіріп алмасақ, олардың қатары бұдан да ұлғайып, мәселенің шешімін табу күрделене береді. Ал терминологияны цифрландыру мен маман даярлау үнемі жалғаса беретін ұзақмерзімді іс. 

–  Алдағы уақытта қазақ терминологиясын дамыту үшін қандай нақты қадамдар жасалуы керек? 
–  Алдымен қазақ терминологиясын қай бағытта дамытып, қандай ішкі және сыртқы көздерді пайдаланатынымызды анықтап алуымыз қажет. Бізде ғалымдар осы мәселеде ортақ пікірге келіп, негізгі ұстанымдарын келісіп алса, алдағы атқарылар жұмыстарда айқындық, жүйелілік болар еді.  Екінші, бізге түрік текті халықтардың терминологиялық қорын үйлестіруге баса мән беретін уақыт келді. Бұл туысқан түрік халықтардың ғылыми ынтымақтастығы мен ғылыми коммуникациясының нығаюына, ортақ ғылым кеңістігін қалыптастырып, әр ұлт тілінің сол кеңістікте кеңінен қолданылуына жол ашатын қадам. ТМҰ-ның Түркістанда өткен бейресми самиттінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев осы мәселені айрықша атап айтты. Бұл стратегиялық маңызы зор бағыт. Алдағы уақытта барлық сала ғалымы, терминтанушы, терминологиялық жұмыстарды үйлестірушілер осы бағыттағы жұмысқа жете мән бергені жөн. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/65537?fbclid=IwY2xjawTOwXpleHRuA2FlbQIxMABicmlkETF2Y3FMbmpJalZHamt6N21wc3J0YwZhcHBfaWQQMjIyMDM5MTc4ODIwMDg5MgABHidzWtUtPpVs8Eb1DgBkZ-usyjFzBKGjD8jcEHlqB7SjDghmZRDzR0-qu-4Q_aem_7YF1kpaviH8j5tCneIhflg

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1262565?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді