
2026 жылғы 23 шілде, Вена – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Мұхтар Тілеуберді Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған жуырдағы шабуылдарды қатаң айыптады.
Қазақстан ел мұнай экспортының шамамен 90 пайызы тасымалданатын КҚК-ның стратегиялық маңызын атап өтті. Шабуылдардың салдарынан мұнай тиеу жұмыстарының уақытша тоқтатылғаны, бұл халықаралық инвесторларға, сондай-ақ Еуропа мен әлемнің энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі тәуекелдер туғызатыны айтылды.
Елші М. Тілеуберді Қазақстан аталған шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ халықаралық саудаға, әлемдік энергетикалық нарықтарға және жаһандық көлік-логистика тізбектерінің қауіпсіздігіне төнген қатер деп бағалайтынын атап өтті.
КҚК терминалдарында мұнай тиеу үшін Қара теңізге кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың келісілген тетігінің сақталмауына ерекше назар аударылды. Бұл кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді.
Қазақстандық дипломат шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутектерді экспорттау инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды талап етті. Сонымен қатар ол ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді болған шабуылдарды қатаң айыптауға және осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу жөніндегі практикалық шараларды бірлесіп әзірлеуге шақырды.
Аталған мәселе бойынша Ұлыбритания, Канада, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Украина делегациялары да сөз сөйледі. Олар Қазақстанның ұстанымына түсіністік танытып, мәселенің өзектілігін және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін қолдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1262876?lang=ru

Жауап қалдыру