
Жарқайың ауданының Державинск қаласында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Жаңа орталық аға буын өкілдерінің уақытын пайдалы өткізуіне, денсаулығын нығайтуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және жаңа достар табуына мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық кеңістікке айналмақ. Мұнда спортпен шұғылдануға, қолөнермен айналысуға, шеберлік сабақтарына, тақырыптық кездесулер мен мәдени іс-шараларға қатысуға барлық жағдай жасалған.
Орталықтың ашылуымен аудан тұрғындарын құттықтаған Марат Ахметжанов аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан жаңа Конституцияның қабылдануымен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Оның басты құндылығы – адам, оның қадір-қасиеті мен өмір сапасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде аға буын өкілдерінің белсенді әрі толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Ардагерлеріміз құрмет пен қамқорлыққа ғана емес, өзара араласуға, өзін-өзі дамытуға, өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік алуға әбден лайық. Осындай мақсатпен Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып отыр. Бұл атаудың өзі көп нәрсені аңғартады. Мұндай орталықтар адамдардың белсенді өмір салтын сақтап, сүйікті ісімен айналысып, денсаулығын нығайтып, қоғамның белсенді мүшесі болып қалуына мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.
Орталық келушілері үшін тренажер залы, бильярд бөлмесі, үстел теннисіне арналған алаң жабдықталған, йога сабақтары ұйымдастырылған. Шығармашылыққа қызығушылар үшін ұлттық қолөнер кабинеттері жұмыс істейді, вокалдық топ құрылған. Ал зияткерлік демалысты ұнататындар шахмат пен дойбы ойнай алады.
Орталықтың алғашқы келушілерінің бірі – Державинск қаласының тұрғыны Салтанат Оспанова. Мамандығы бойынша бухгалтер, бүгінде зейнет демалысында. Оның айтуынша, жаңа орталық бос уақытты мазмұнды өткізуге ғана емес, пікірлес жандармен араласуға, тәжірибе алмасуға және өз білгенін жастарға үйретуге мүмкіндік береді.
Жаңа нысанның орналасуының да өзіндік мәні бар. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы балалар музыка мектебі және балалар шығармашылық орталығымен бір ғимаратта орналасқан. Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Мұнда аға буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибесі мен даналығын жастармен бөліссе, балалар мен жасөспірімдер оларды өздерінің шығармашылығы, белсенділігі және жігерімен шабыттандырады.
Күніне орталыққа шамамен 30 қала тұрғыны келеді деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1262897?lang=ru

Жауап қалдыру