Қазақстан мен АҚШ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Астанада химиялық заттар мен есірткі құралдарының мониторингі мәселелеріне арналған екіжақты сарапшылық кеңес өтті.

     Диалог алаңы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Әділет, Қаржы министрліктерінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық банкінің, “Цифрлық экономиканы дамыту орталығы” ЖШС-нің, сондай-ақ халықаралық серіктестер – АҚШ-тың Астанадағы Елшілігінің Есірткімен халықаралық күрес және заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі бөлімінің, АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасының Стамбұлдағы кеңсесінің және АҚШ Кеден және шекара қызметінің Ұлттық таргетинг орталығының жедел қызметі өкілдерін біріктірді.

     Консультациялар барысында қатысушылар есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымын анықтау және жолын кесудің заманауи тәсілдерін, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, талдау құралдарын қолдану және жедел ақпарат алмасу мәселелерін талқылады. Трансұлттық есірткі қылмысына қарсы тиімді күрестегі негізгі факторлардың бірі ретінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.

     Бағдарламаның негізгі бөлігінде Қазақстанның Ұлттық ведомствоаралық таргетинг орталығы таныстырылып, АҚШ Ұлттық таргетинг орталығының тәжірибесі зерделенді. Америкалық сарапшылар ведомствоаралық өзара іс-қимылдың қолданыстағы моделін, талдамалық жұмыс үдерістерін, үлкен деректерді пайдалану тәжірибесін, Chemex жүйесі арқылы прекурсорларды мониторингтеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ химиялық заттардың заңсыз халықаралық сауда желілерін анықтау және жою тәсілдерін таныстырды. Сонымен қатар тараптар бірлескен стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеу және жедел ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру мәселелерін қарастырды.

     ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Елдар Әбдікенов есірткі қылмысының қарқынды өзгеруі мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.

– Бүгінде қылмыстық топтар цифрлық технологияларды, криптовалюталарды, интернет-платформаларды, халықаралық логистикалық бағыттарды және химиялық заттарды жеткізудің заңды арналарының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануда. Мұндай жағдайда талдау, тәуекелдерді анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және халықаралық ақпарат алмасу маңызға ие. Жалпы қабылданып жатқан шаралар нақты нәтижелер беруде. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚР ІІМ шамамен төрт мың есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, оның бірі трансұлттық сипатта болған. Синтетикалық есірткі өндіретін 15 жасырын зертхана жойылды. Заңсыз айналымнан шамамен 10 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде 578 килограмнан астамы синтетикалық есірткі. Сонымен қатар жеткізу арналарының уақытылы анықталуының арқасында заңсыз айналымға 12 тоннадан астам прекурсордың түсуіне жол берілмеді. Дегенмен қылмыстық желілер барған сайын технологиялық әрі трансұлттық сипат алып келеді. Сондықтан халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және заманауи талдамалық шешімдерді енгізу біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі болып қала береді, – деді Елдар Әбдікенов.

     Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар серіктестікті одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы кәсіби тәжірибемен алмасты.

     Өткізілген консультациялар қылмыстық схемаларды анықтау тетіктерін жетілдіруге, құзыретті органдардың талдамалық әлеуетін дамытуға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға негіз болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1262938?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді