
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекемесінің өндірістік аймағында орналасқан РМК «Еңбек-Тараз» филиалы мен жеке кәсіпкер «Umbrella Metal» арасындағы өзара ынтымақтастық аясында металл бұйымдарын өндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде жеке кәсіпкер «Umbrella Metal» мемлекеттік тапсырыс негізінде заманауи қоғамдық көлік аялдамаларын (автобус павильондарын) өндіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Жобаны іске асыру барысында өндірістің толық циклі орындалып, металл конструкцияларын дайындау, дәнекерлеу, сырлау, құрастыру және дайын өнімді тапсырыс берушіге жөнелту жұмыстары сапалы атқарылуда.
Аталған өндіріс алаңында сотталған азаматтар еңбекпен қамтылып, тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен металл өңдеу және дәнекерлеу жұмыстарын меңгеруде. Бұл олардың еңбек дағдыларын жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға және жазасын өтегеннен кейін қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар еңбекке тартылған сотталғандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбекақы төленіп, олардың материалдық жағдайын жақсартуға және келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік жасалады.
РМК «Еңбек-Тараз» филиалы өндірістік әлеуетін тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік және жеке тапсырыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауға ерекше мән береді. Өндірілетін аялдамалар заманауи талаптарға сай әзірленіп, берік металл конструкциялардан жасалады. Олардың сыртқы безендірілуінде ұлттық нақыштағы ою-өрнектер қолданылып, өңірдің сәулеттік келбетіне өзіндік үлес қосуда.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті түзеу мекемелеріндегі өндірісті дамыту, кәсіпкерлермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және сотталғандарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Бүгінде №25 мекеменің өндірістік аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының дамуына үлес қосуға мүмкіндік беруде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiszhambyl/press/news/details/1263208?lang=ru

Жауап қалдыру