Шахтинскіде ЖЭО жаңғыртылып, қала инфрақұрылымы жаңартылып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шахтинск жылу электр орталығында (ЖЭО) кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары қаржыландыру көлемінің артуы негізгі және қосалқы жабдықтардың, сондай-ақ жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл жылу көзінде үш негізгі қазандыққа жөндеу жүргізіліп, жабдықтар жаңартылуда.

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында тексерді.

— №1, №3 және №4 қазандық агрегаттарында, сондай-ақ электр цехындағы төрт негізгі ажыратқышта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстардың барлығы бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Біз ағымдағы жөндеумен ғана шектелмей, ұзақ мерзімді жаңғыртуға да айрықша көңіл бөліп отырмыз, — деді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС директорының міндетін атқарушы Абылай Сейдуәлі.

Қазандықтарды жөндеумен қатар, қалада 8,4 шақырым магистральдық және орамішілік жылу желілері ауыстырылады. «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Молодёжная көшесіндегі жылу магистралін қайта жаңарту басталды. Биыл 2 шақырым құбырды жаңарту жоспарланған, ал қалған бөлігі келесі жылы ауыстырылады.

Сондай-ақ ЖЭО ғимаратында электр станциясының бас басқару қалқаны жаңартылып,

қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында монша кешені жабдықталды.

Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ Қарағанды – Саран – Шахтинск бағытындағы ұзындығы 19 шақырым болатын автожолды күрделі жөндеу жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жолдың 16 шақырымында асфальтбетон жабынының үш қабаты төселген. Қалған бөлігін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

– Бұл жерде жол жамылғысы карьерлерде қиыршық тас пен құм қорының болуын ескере отырып күшейтілген. Сонымен қатар топырақ суларын оқшаулау үшін геотекстиль қолданылуда, бұл жолдың ісінуіне жол бермейді. Биыл Шахтинск өңірінде облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 26,2 шақырым болатын алты жоба жүзеге асырылуда. 

Сондай-ақ Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 

Облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес Ленин атындағы және «Қазақстан» шахталарына апаратын кірме жолдар да ретке келтіріліп жатыр, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.

Жолдардың ұзақ қызмет етуін қамтамасыз ету үшін трассаларда АӨС жүйелері орнатылуда. Олар шамадан тыс жүк тиелген жүк көліктерін автоматты түрде анықтайды.

Облыс әкімі орталық қалалық ауруханаға да барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. 

Ғимаратта жылыту радиаторлары мен өртке қарсы су құбыры толық ауыстырылып, әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді, шатыр мен қасбетті жаңарту жалғасуда. 

Сонымен қатар медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Заманауи медициналық жабдықтар, оның ішінде компьютерлік томограф сатып алынды.

Сондай-ақ Ермағанбет Бөлекпаев жаңа тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. 

Жеке инвестициялар есебінен Шахтинскіде бес қабатты, 180 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

— Аралау барысында Шахтинск қаласындағы барлық негізгі жобалардың жүзеге асырылып жатқанын көрдік. Жолдарды жөндеу, жылу желілерін қайта жаңғырту және ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Біздің міндетіміз — тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және алдағы жылу беру маусымының тұрақты өтуіне жағдай жасау. Тұрғындардың кездесулер барысында көтерген барлық мәселелер бақылауда, олар бойынша жұмыстар жүргізілуде, — деді облыс әкімі

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1263431?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді