
Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтың 100 жылдығына және Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тұрсын Әбуовтің 90 жылдығына арналған «Қазақ өнерінің қос шебері» атты көрме ашылды.
Көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
«Ұлттық бейнелеу өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қос суретшінің шығармашылығы халқымыздың рухани мұрасынан, төл тарихы мен салт-дәстүрінен терең тамыр тартады. Көрме көрерменге қос шебердің шығармашылық әлемін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Бұған дейін көпшілік назарына сирек ұсынылған еңбектердің көрме төрінен орын алуы да бұл мәдени шараның маңызын арттыра түседі», – делінген құттықтауда.
Көрменің ашылуына Сахи Романовтың қызы Айжан Сәдуақасова, Тұрсын Әбуовтің жары Гүлия Сандыбаева, сондай-ақ қызы мен немерелері қатысты.
Экспозиция екі суреткердің шығармашылық әлемін үндестіре отырып жасақталған. Көрмеге музей қорында сақталған кескіндеме туындылары, графикалық жұмыстар және суретшілердің жеке мұрағатынан алынған құнды жәдігерлер қойылған.
Сахи Романовтың шығармашылық мұрасы кескіндеме, графика және отандық кино өнерімен сабақтас еңбектері арқылы таныстырылса, Тұрсын Әбуовтің туындылары оның кескіндеме, мүсін өнері мен ландшафттық дизайн салаларындағы көпқырлы шығармашылығын айшықтайды.
«Қазақ өнерінің қос шебері» көрмесі 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1263458?lang=ru

Жауап қалдыру