Жарқайың ауданы тұрғындарымен кездесуде өңірді дамытудың негізгі бағыттары айқындалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Державинск қаласында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Жарқайың ауданының тұрғындарымен кездесуі өтті. Ашық диалог барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Кездесуді ашқан өңір басшысы ауданның дамуы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен жүйелі өзгерістер аясында жалғасып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі кездесуіміз жаңа саяси реформаларды іске асыру жағдайында өтіп отыр. Жаңа Конституция – еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат, қоғам мен мемлекет өмірінде күн сайын жүзеге асырылып отырған тиімді құқықтық тетік. Мемлекеттік қолдау мен жаңа саяси және экономикалық реформалардың нәтижесінде аудан тұрақты дамып келеді. 2026 жылы Жарқайың ауданын дамытуға облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі білім беру, көлік, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған», – деді Марат Ахметжанов.

Кездесуде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі саласы болып қала береді және онда тұрғындардың жартысына жуығы еңбек етеді. Мемлекеттік қолдау шараларының, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың және жеңілдетілген несиелеудің арқасында аграршылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Соңғы екі жылда ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 183 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның 85 пайыздан астамы мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар аясында алынған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жарқайың ауданы Ақмола облысында астық жинаудан көш бастап, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 22,4 пайызға артты. Сонымен қатар, мал шаруашылығы қарқынды дамып, майлы дақылдардың егіс алқабы ұлғайып келеді.

Өңір басшысы экономиканы әртараптандырудың маңыздылығына да тоқталды.

«Биыл жалпы құны 2,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, пайдалы қазбалар кен орындарының әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа өндірістер ашу арқылы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін белсенді дамыту қажет», – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, ауданда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандары салынып, жаңартылуда, автомобиль жолдары жөнделіп, елді мекендер абаттандырылып жатыр. Ірі жобалардың қатарында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылуы, білім беру нысандарының дамуы және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру бар.

Кездесуде көлемі 873 млн текше метр болатын Есіл су қоймасын салу жобасының келешегі де талқыланды. Өңір басшысының айтуынша, жоба іске асқан жағдайда су тасқыны қаупі едәуір төмендеп, елді мекендерді су басудан қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су қоймасы 25 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын тұрақты суарумен қамтамасыз етіп, сенімді жемшөп қорын қалыптастырады және ет пен сүт өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.

Мамандардың болжамынша, жоба жүзеге асқаннан кейін Жарқайың және Есіл аудандарындағы астықтың жалпы түсімі 1,5 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін өседі. Бұдан бөлек, жоба балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, аудан картасында заманауи талаптарға сай жаңа ауылдың бой көтеруіне негіз болады.

Кездесу соңында тұрғындар облыс әкіміне өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, ауыз су мәселесі және аудан инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруге қатысты сұрақтарын қойды. Көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1263448?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді