
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 15 мамырдағы № 51 бұйрығымен бекітілген «Адамның тіршілік ету ортасы мен денсаулығына әсер ететін объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді.
Енгізілген өзгерістердің басты жаңалығы – санитариялық-қорғау аймағын (СҚА) белгілеу тәртібінің жеңілдетілуі. Бұрын санитариялық-қорғау аймағының алдын ала және түпкілікті мөлшері айқындалатын болса, енді СҚА бір кезеңде белгіленеді.
Санитариялық қағидалардың 1-қосымшасына енгізілмеген объектілер үшін санитариялық-қорғау аймағының мөлшері жобалық құжаттама негізінде есептік әдіспен айқындалады. Бұл ретте ластаушы заттардың атмосферада таралуы, шу, діріл және электромагниттік өрістер деңгейлері есепке алынады. Ал қауіптіліктің I және II сыныптарына жататын объектілер үшін халық денсаулығына төнетін қауіп-қатерге бағалау жүргізіледі.
Қолданыстағы өндірістік алаңдарда инвестициялық жобалар аясында іске асырылатын жаңа өндірістер бойынша халық денсаулығына теріс әсердің жоқтығы дәлелденген жағдайда және гигиеналық нормативтер сақталған кезде, бір жылдық натуралық зерттеулер жүргізілмей-ақ санитариялық-қорғау аймағын есептік әдіспен белгілеуге жол беріледі.
Қолданыстағы объектілер үшін санитариялық-қорғау аймағы жобалық құжаттама мен бір жылдық натуралық зерттеулердің нәтижелері негізінде белгіленеді және оның қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беріледі.
Санитариялық-қорғау аймағы бекітілгеннен кейін оның координаттары Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының геопорталына орналастыру, кейіннен жария кадастрлық картада көрсету және мемлекеттік жер кадастрына енгізу үшін жергілікті атқарушы органға жолданады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1263498?lang=ru

Жауап қалдыру