Туризм және спорт вице-министрі Алматыда Азия Олимпиада кеңесінің делегациясымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласында 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарына дайындық аясында Азия Олимпиада кеңесі (АOК) делегациясының алғашқы инспекциялық сапары өтті. Халықаралық инспекцияға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысты.

Жұмыс бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті және Азия Олимпиада кеңесі өкілдерінің қатысуымен бірқатар жиын ұйымдастырылды. Кездесулер барысында спорттық инфрақұрылымды дайындау, жарыстарды ұйымдастыру және қабылдаушы тараптың міндеттемелерін орындау мәселелеріне баса назар аударылды.

Халықаралық сарапшылар Азия ойындары өтетін спорт нысандарын аралап көрді. Делегация «Медеу» биік таулы спорт кешенін, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенін, «Халық Арена», «Алматы Арена» және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын, сондай-ақ мұз ареналары мен басқа да спорт кешендерін аралады.

Нысандарды аралау барысында олардың функционалдық дайындығы, инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту, логистика, жарысқа қатысушыларды орналастыру, техникалық аймақтарды ұйымдастыру, сондай-ақ спорт нысандарының қысқы спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялардың талаптарына сәйкестігі талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша Азия Олимпиада кеңесінің өкілдері Алматы қаласының Азия ойындарына дайындығына оң баға берді.

Алғашқы инспекциялық сапар Қазақстан мен Азия Олимпиада кеңесінің құрлықтағы ең ірі қысқы спорттық додаға дайындық жөніндегі бірлескен жұмысының маңызды кезеңі болды. Кездесу қорытындысында тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, келесі инспекциялық іс-шаралардың кестесін белгіледі.

Еске сала кетейік, X қысқы Азия ойындары 2029 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтеді. Дүбірлі дода қысқы спорт түрлері бойынша Азияның үздік спортшыларын бір арнаға тоғыстырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1263614?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді