
Биыл Талдықорғанда 1600 гектардан астам алқаптан дәнді дақылдар жиналады
Талдықорған қаласында биыл ауыл шаруашылығы саласында 6 мың гектардан аса егістік алқабы игерілуде. Оның 1657,5 гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Қазіргі таңда егін орағы жоспарға сәйкес жүргізіліп, дәнді дақылдарды жинау науқанын шілде айының соңына дейін толық аяқтау көзделген.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінгі күні 108 гектар күздік бидай, 150 гектар күздік арпа, 100 гектар жаздық бидай және 165 гектар жаздық арпа алқаптарында егін жинау жұмыстары жүргізілуде. Ал алдағы кезеңде 1134,5 гектар жүгері алқабын жинау жоспарланып отыр.
Егін орағы қаламыздағы ірі шаруашылықтардың бірі «Самай» шаруа қожалығында да қарқынды жалғасуда. Биыл шаруашылық 104 гектар жерге дәнді дақылдар егіп, қазіргі таңда алқап басында орақ жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, шаруашылықта 220 гектар жүгері, 198 гектар соя, 30 гектар қант қызылшасы және 54 гектар көпжылдық шөп өсірілуде. Мұнда барлық дақылдар ауыспалы егіс технологиясын тиімді пайдалану арқылы өсіріліп, заманауи агротехнологиялар кеңінен қолданылуда.
Алқап басында көктемнен қара күзге дейін тынымсыз еңбек ететін диқандардың қажырлы еңбегі қаланың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл өз кезегінде өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық секторға инвестиция тартуға оң әсерін тигізуде.
Еске салсақ, биыл Талдықорған қаласында 6208 гектар ауыл шаруашылығы алқабы игерілуде. Егістік құрылымында жүгері, соя, картоп, көкөніс, бақша және азықтық дақылдар басым үлесті құрайды. Оның 134 гектары қант қызылшасына тиесілі.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары да өз нәтижесін беруде. 2026 жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша қаладағы шаруа қожалықтары жалпы құны 138,9 млн теңгеге 10 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында Аграрлық кредиттік корпорациясы арқылы 9 шаруа қожалығы жалпы сомасы 678,9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1264213?lang=ru

Жауап қалдыру