I ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аудан әкімі М.Мұхтаровтың төрағалығымен 2026 жылдың I жартыжылдығының (қаңтар-маусым) әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңейтілген отырыс өтті. Жиында ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштері, ауыл шаруашылығы, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы атқарылған жұмыстар егжей-тегжейлі талқыланды. 
Отырыс барысында ауданның ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20 млрд 692,2 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,8%-бен облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Мал шаруашылығында оң өсім сақталып, ет өндірісі 8 199,5 тоннаға (104,5%), сүт өндірісі 25 253,2 тоннаға (103,0%) жетті. Аудан бойынша ірі қара 107 765 басқа, жылқы 95 395 басқа, ұсақ мал 188 140 басқа көбейді. Сонымен қатар, саланы дамытуға 2 млрд 150 млн теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 71,7 пайызға орындалды. 
Сондай-ақ тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүргізіліп жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен Красная Поляна ауылындағы су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстары 90%-ға аяқталды. Ақсу-Аюлы ауылындағы кәріз желілерінің құрылысы 67%-ға орындалып, 25 шақырым желі төселді. Оған қоса Ақсу-Аюлыда жабық жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. 
Жиын соңында аудан әкімі М.Мұхтаров жауапты бөлім басшыларына инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруды, жыл соңына дейінгі межеленген индикаторларды толық орындауды және құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet/press/news/details/1263914?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді