Қазақстанда балмұздақ өндірісі 47,4%-ға өсті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанның балмұздақ нарығы өз дамуының ең қарқынды кезеңдерінің бірін бастан өткеруде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздің балмұздақ өндірісі тұрақты өсім көрсетті. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мен салалық сарапшылардың деректеріне сәйкес, өндіріс көлемі 35,1 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға артты.

Осы кезеңде ішкі нарықтың сыйымдылығы 41,2%-ға өсі, 31,9 мың тоннаны құрады. Ал импорт көлемі небәрі 7,1%-ға өсіп, 5,1 мың тоннаға жетті. Бұл отандық өндірушілердің нарықтағы үлесінің нығайып келе жатқанын, шетелдік өнімдерге тәуелділіктің азайғанын және импортты алмастыру үдерісінің жалғасып жатқанын көрсетеді.

Саланың көшбасшысы әрі Орталық Азиядағы ең ірі балмұздақ өндіруші «Шин-Лайн» компаниясы болып қала береді. Компания Қазақстанның ішкі балмұздақ нарығының шамамен 50%-ын және елдегі балмұздақ экспортының 95%-ға дейінгі үлесін қамтамасыз етеді. Өндіріс көлемінің айтарлықтай артуына Алматы облысында тәулігіне 350 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы жаңа жоғары технологиялық өндірістік кешеннің іске қосылуы ықпал етті. Заманауи автоматтандырылған желілер, роботтандырудың жоғары деңгейі және өнім түрлерінің үздіксіз кеңеюі компанияға өндіріс қарқынын нарықтың жалпы өсімінен әлдеқайда жоғары деңгейде арттыруға мүмкіндік берді.

Өндіріс көлемінің өсуі экспорт көрсеткіштеріне де тікелей әсер етті. 2026 жылғы қаңтар–мамыр аралығында Қазақстан 8343 тонна балмұздақ экспорттап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,5%-ға жоғары нәтиже көрсетті. Осы уақытта импорт көлемі 5145 тоннаны құрап, небәрі 7,1%-ға ғана өсті. Осылайша, экспорттың өсу қарқыны импорттан едәуір жоғары болып қалып отыр, ал Қазақстан балмұздақтың нетто-экспорттаушысы ретіндегі мәртебесін сенімді түрде нығайтуда.

Қазақстандық балмұздақтың негізгі экспорттық нарығы бұрынғысынша Ресей болып табылады. Бұл елге 5748 тонна өнім жөнелтілді, бұл жалпы экспорт көлемінің шамамен 69%-ын құрайды және өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға артық. Екінші ірі бағыт – Қырғызстан. Бұл елге 2019 тонна өнім экспортталып, 46,7%-дық өсім тіркелді. Бұл негізгі экспорттық нарықтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Өзбекстанға 498 тонна балмұздақ экспортталды. Сонымен қатар Тәжікстанға 53 тонна, Моңғолияға 17 тонна және Әзербайжанға 8 тонна өнім жеткізілді. Сонымен бірге Қытай нарығындағы қатысуды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда жеткізілім көлемін ұлғайту үшін қажетті реттеушілік және логистикалық мәселелер шешілуде.

Экспорттың қарқынды өсуіне қарамастан, импорт құрылымы салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Қазақстанға балмұздақ жеткізетін негізгі елдер – Ресей 2250 тонна және Қырғызстан 2073 тонна, олардың үлесіне жалпы импорт көлемінің 84%-дан астамы тиесілі. Сонымен бірге Беларусьтен жеткізілім 118%-ға, ал Өзбекстаннан 78,9%-ға өсті. Алайда жекелеген елдерден импорт көлемінің ұлғаюына қарамастан, жалпы импорт өсімі отандық өндіріс қарқынынан айтарлықтай төмен болып қалып отыр. Бұл Қазақстанның балмұздақ өндірісі саласының табысты дамып келе жатқанын айғақтайды.

Өндіріс пен экспорт көлемінің жоғары қарқынмен өсуі Қазақстанның азық-түлік өнеркәсібінің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Заманауи технологияларға, өндірісті автоматтандыруға, сапалы отандық сүт шикізатын пайдалануға және экспорттық инфрақұрылымды дамытуға салынған инвестициялар ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт географиясын да тұрақты түрде кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы жылдары бұл Қазақстанның Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс және Шығыс Азия нарықтарындағы позициясын одан әрі нығайтып, елдің шикізаттық емес экспортының тұрақты өсуіне қосымша мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1264372?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді