
Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев пен Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбектің қатысуымен брифинг өтті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, берешекті реттеу тетіктерін дамыту, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерді реттеу, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
Брифинг барысында Агенттік Басқармасының қаржы омбудсманының қызметін айқындау үшін қаулы қабылдағаны атап өтілді. Құжат қаржы омбудсманы қызметінің жұмыс тәртібін, бас қаржы омбудсманы мен қаржы омбудсмандарының өкілеттіктерін белгілейді, сондай-ақ жолданымдарды берудің, тіркеудің және қараудың бірыңғай қағидаларын, шешімдер қабылдау мерзімдерін, олардың орындалуын бақылауға қойылатын талаптарды және уәкілетті органға ақпарат беру тәртібін белгілейді. Қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
«Бұл құжатты қабылдау – қарыз алушылардың мүдделері мен құқықтары басты назарда болатын Берешекті реттеудің бірыңғай орталығын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті А.Терентьев.
Айта кету керек, бірыңғай қаржы омбудсманын құру халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және дауларды соттан тыс реттеудің қолжетімді және тиімді тетігін қалыптастыруға бағытталған. Ұқсас модельдер Ұлыбритания мен Австралияда табысты қолданылады, онда қаржылық қызметтерді тұтынушылар қаржы ұйымының түріне қарамастан дауларды шешудің орталықтандырылған жүйесін пайдалана алады.
Қаржы омбудсманының алаңында азаматтардың нақты өмірлік жағдайларын ескере отырып, берешекті реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын құру жоспарланып отыр.
Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев 2026 жылғы 1 шілдеден бастап «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін finkelisim.kz берешекті ұжымдық реттеудің бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс істей бастағанын атап өтті.
Платформа қарыз алушыларға бірыңғай рәсім шеңберінде бірнеше кредиторлар алдындағы міндеттемелерін бір мезгілде реттеуге мүмкіндік береді. Өтініш бергеннен кейін жүйе автоматты түрде белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді, кредиттер тізбесін қалыптастырады және мәліметтерді кредиторларға жібереді. Шарттарды келіскеннен кейін қарыз алушы құжаттардың бірыңғай пакетіне қол қояды, ал кредиторлар берешекті өндіріп алу жөніндегі шараларды тоқтата тұрады.
Платформаның басты артықшылығы жеке кредиттер емес, азаматтың барлық борыш жүктемесін кешенді бағалау болып табылады.
Рәсім кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша екі немесе одан да көп кредиторлар алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолжетімді. Берешектің жиынтық мөлшері 150 АЕК-дан 1 600 АЕК-қа дейін (2026 жылы – 648 мың теңгеден 6,9 млн теңгеге дейін) болуы тиіс
Азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін берешекті өтеудің неғұрлым жеңілдікті шарттары – ай сайынғы төлемдердің төмендеуі және міндеттемелерді орындау мерзімдерінің ұлғаюы көзделген. Бірінші кезеңде платформаның әлеуетті қатысушылары 350 мыңға жуық проблемалық қарыз алушы болуы ықтимал.
Алдағы уақытта платформаның функционалдығын жеке сот орындаушыларының жүйесімен, сондай-ақ жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық тетіктерімен интеграциялау есебінен кеңейту жоспарлануда. Келешекте барлық рәсімдер – жеке және ұжымдық реттеу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық мәселелері бойынша азаматтарды сүйемелдеу – Берешекті реттеудің бірыңғай орталығында біріктірілетін болады.
Агенттік сонымен қатар I және II топтағы мүгедектерге ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда Қазақстанда осы санаттағы 105,6 мыңнан астам азаматтың 262 млрд теңге сомаға қолданыстағы кредиттік міндеттемелері бар, бұл ретте 48 млрд теңге сомаға 26,3 мың қарыз алушының проблемалық берешегі бар. Алматыда жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге мүгедектігі бар 10 мыңға жуық адамның проблемалық берешегі бар.
Сонымен қатар, банктер 142,5 мыңнан астам әлеуметтік осал азаматтардың берешегін толығымен есептен шығарды. Халықтың осы санатын одан әрі қолдау үшін Агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың берешегін кешенді реттеу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруда.
Шешімдер кірістерді, мүліктік жағдайды, отбасы құрамын және өзге де өмірлік мән-жайларды ескере отырып жеке-дара қабылданатын болады. Жағдайға байланысты берешекті қайта құрылымдау, борыш жүктемесін төмендету, төлемдер мерзімін кейінге қалдыру, қарыз мерзімін ұлғайту және төлей алатын өтеу кестесін қалыптастыру қолданылуы мүмкін. Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаса, қарыз алушыларға заңнамада көзделген банкроттық рәсімдері түсіндірілетін болады.
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы болып қала береді.
Бағдарламаның шарттары бойынша ипотекалық кредиттер сыйақы және тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті есептен шығара отырып, жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қайта қаржыландырылады. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздар бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге белгіленген бағамы бойынша теңгеге айырбасталады.
Әлеуметтік осал қарыз алушылар үшін осыған дейін қайта қаржыландырылған қарыздар бойынша берешекті толығымен немесе ішінара есептен шығару, сондай-ақ банк балансына өткен жалғыз баспананы қайтару мүмкіндігі көзделген.
Револьверлік тетік есебінен көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 678 млрд теңгеге жетті, ал қолдау шараларымен шамамен 60 мың ипотекалық қарыз алушы қамтылды.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мерзімі өткеніне 90 күннен асқан ипотекалық қарыздардың үлесі 2015 жылғы 30%-дан 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 0,6%-ға дейін төмендеді.
Қорытындылай келе, Александр Терентьев Агенттік іске асырып отырған барлық шараларды азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыштық проблемаларды шешудің орнықты тетіктерін іздестіруге бағытталған азаматтарға атаулы көмек көрсету қағидаты біріктіретінін атап өтті.
Ол «Бұл берешекті жаппай есептен шығару туралы емес, азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруіне, міндеттемелерін өзіне қолайлы талаптармен орындауына және отбасының жағдайының одан әрі нашарлауына жол бермеуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасау туралы болып отыр», – деп атап өтті.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және берешекті реттеу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Агенттік «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасын іске асыруды жалғастыруда. Соңғы 3,5 жыл ішінде жоба шеңберінде жалпы сомасы 785 млрд теңгені құрайтын 778,3 мың қарыз алушыға қатысты берешекті реттеу шаралары қабылданды. Азаматтарға төлемдерді кейінге қалдыру, өтеудің жеңілдікті кестелері ұсынылды, медиациялық келісімдер жасалды және өзге де қолдау шаралары қолданылды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1264893?lang=ru

Жауап қалдыру