
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері Семей қаласындағы көпірлердің бірімен қозғалып келе жатқан Changan X5 Plus автокөлігінің жолаушысы көліктің люгінен денесін шығарып, қозғалыс кезінде ұялы телефонға өзін видеоға түсіріп тұрғаны бейнеленген жазбаны анықтады.
Полицейлер оқиғаға қатысушылардың жеке басын жедел анықтады. Көлікті басқарған Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын бұзған жолаушының 16 жаста екені белгілі болды. Оның кәмелетке толмағанына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке оның заңды өкілі тартылды.
Қауіпті сәтті оқиға куәгерлері бейнежазбаға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған.
Абай облысы Полиция департаменті ескертеді: мұндай әрекеттер адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Көлік кенет тежелгенде, күрт бұрылғанда немесе жолда басқа да тосын жағдай туындағанда, көлік салонынан тыс жерде тұрған адам ауыр жарақат алуы немесе қаза болуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерге әсерлі бейнеролик түсіру немесе көпшіліктің назарын аудару ниеті өмір мен денсаулыққа қауіп төндіруді ешқашан ақтай алмайды.
Жол – қауіпті тәжірибелер жасайтын орын емес, қауіпсіз қозғалысқа арналған орта.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1265633?lang=ru

Жауап қалдыру