ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫН БОЛДЫРМАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Комиссия жұмысына құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты.

 Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау және мүдделер қақтығысының алдын алу, ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу саласындағы тәуекелдерді жою мәселелері қаралды.

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Мырзатаев және Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков баяндама жасады.

 Отырыс барысында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына енгізілген өзгерістер күшіне енетіні атап өтілді. Бұл өзгерістер жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың, жекжаттардың және өзге де өзара байланысты адамдардың тікелей бағыныстылығына тыйым салуды көздейді.

Осыған байланысты қала әкімі мүдделер қақтығысының алдын алу жұмысын күшейтуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын қамтамасыз етуді және анықталған әр факті бойынша объективті шешім қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына мүдделер қақтығысына жол бермеу және оны реттеу бойынша нақты шаралар қабылдау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақтылы анықтау үшін мониторингті күшейту міндеттелді.

 Отырыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстарына және тәуекелдерді жою шараларын қабылдамаған басшылардың жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар анықталған заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету және алдын алу шараларын қабылдау қажеттігі атап өтілді.

 Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға қабылданған ұсынымдарды іске асыруды қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1265631?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді