
Байғанин ауданының Алтай батыр ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңғыртылған ауылдық өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – еліміз бойынша пайдалануға берілген 222-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы.
Жоба аясында өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Құралымның теңгеріміне сыйымдылығы 2,5 тонналық АЦ ЗИЛ өрт сөндіру автокөлігі беріліп, жеке құрамы 7 қызметкермен толықтырылды.
Жаңғыртылған өрт сөндіру бекеті Алтай батыр ауылымен қатар жақын маңдағы елді мекендерді қамти отырып, жалпы 1346 тұрғыны бар үш елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бекетте қызметкерлердің тәулік бойы сапалы қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта демалыс және жатын бөлмелері, ас үй, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ өрт сөндіру техникасына арналған гараж қарастырылған. Сонымен қатар бөлімше заманауи өрт-техникалық құралдар, байланыс жүйелерімен толық жабдықталып, кәсіби даярлықтан өткен мамандармен қамтамасыз етілген.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа нысанның жұмысымен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1266028?lang=ru

Жауап қалдыру