
Бангкок, 2026 жылғы 13 шілде – Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Пипат Ратчакитпракарнмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту, транзиттік тасымалдар және логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Елші М. Баймұхан Қазақстан мен Таиланд арасындағы екіжақты қатынастардың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту және екі елдің іскерлік байланыстарын кеңейту үшін маңызды факторлардың бірі екенін айтты.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстанда көлік инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық көлік бағыттарын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Әсіресе Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы көлік байланысын кеңейту мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағыты – «Middle Corridor» дәлізінің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде П. Ратчакитпракарн Таиландтың Қазақстанмен көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдіріп, өзара қызығушылық тудыратын бірлескен бастамаларды іске асыру үшін екі елдің салалық ведомстволары арасындағы байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Елші М. Баймұхан Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрін 2026 жылғы 14-16 қазан аралығында Астана қаласында өтетін 29-шы «Көлік және логистика» Қазақстан халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды. Қазақстандық дипломат Таиланд тарапының аталған іс-шараға қатысуы екіжақты және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік байланыстарды дамытуға және көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және оны нақты мазмұнмен толықтыруға өзара мүдделіліктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1266027?lang=ru

Жауап қалдыру