
Ана болуды қорғау және жүкті әйелдердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде жүктілік кезеңінде әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың жұмыспен қамтылуын сақтауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар кепілдіктер қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 25-бабына сәйкес, жүктілік және үш жасқа дейінгі балаларының болуы азаматтың еңбек шартын жасасу құқығын шектей алмайды. Жұмыс беруші заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілігіне немесе жас балаларының болуына байланысты әйелді жұмысқа қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
Жүкті әйелдер үшін еңбекті қорғау саласында да арнайы кепілдіктер қарастырылған. Кодекстің 182-бабына сәйкес, әйелдердің белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды қолмен көтеруіне және жылжытуына байланысты жұмыстарда еңбегін пайдалануға жол берілмейді.
Медициналық қорытынды болған жағдайда жұмыс беруші жүкті әйелді зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті. Бұл ретте қызметкердің бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысы сақталады. Тиісті жұмыс берілгенге дейін жүкті әйел еңбек міндеттерін орындаудан босатылады және оған орташа жалақысы сақталады.
Заңнамада жұмыстан шығарудан қорғау кепілдіктері де қарастырылған. Атап айтқанда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкерлердің саны немесе штаты қысқартылған, не өндіріс көлемі төмендеген жағдайда жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдермен, сондай-ақ үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен және заңнамада белгіленген жекелеген санаттағы бала тәрбиелеп отырған қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Сонымен қатар, заңнамада белгіленген талаптар сақталған жағдайда жүкті әйелдің еңбек шартының мерзімі бала күтіміне байланысты демалыс аяқталғанға дейін ұзартылуына кепілдік беріледі.
Жүктілікке және босануға байланысты да арнайы кепілдіктер қарастырылған. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде әйелге жүктілікке және босануға байланысты демалыс беріледі. Әдетте, демалыс босанғанға дейін 70 күнтізбелік күнді және босанғаннан кейін 56 күнтізбелік күнді құрайды. Ал босану асқынған немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда босанғаннан кейінгі демалыс 70 күнтізбелік күнге беріледі.
Осылайша, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында жүкті әйелдердің еңбек құқықтарын қорғауға, олардың жұмыспен қамтылуын сақтауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді кепілдіктер қарастырылған. https://www.instagram.com/reel/DaC07QauyZ3/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-enbek/press/news/details/1266301?lang=ru

Жауап қалдыру