
Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде Департамент басшысы Б. Шиналиевтің төрағалығымен 2026 жылдың I жартыжылдығын қорытындылауға арналған кеңейтілген жұмыс жиналысы өтті. Жиынға аумақтық басқарма басшылары мен салалық мамандар қатысып, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Кеңес барысында 2026 жылдың 6 айындағы мемлекеттік бақылау-қадағалау шараларының қорытындылары мен мемлекеттік тапсырыстың орындалу ахуалы сараланды. Сонымен қатар, «Ұлттық сараптама орталығы» филиалы мен Жамбыл обаға қарсы күрес станциясының оба және басқа да аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бойынша атқарған жұмыстары қаралды.
Эпидемиологиялық бағытта өңірдегі туберкулез сырқаттанушылығы, денсаулық сақтау және білім беру объектілерінде жүргізілген мониторинг нәтижелері, сондай-ақ медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылаудың жай-күйі жан-жақты талқыланды. Заңнамалық өзгерістер аясында қатысушыларға ҚР Кәсіпкерлік кодексіне (07.07.2026 ж. № 334-VIII ҚРЗ) және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (01.07.2026 ж. № 331-VIII ҚРЗ) енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.
Жиында ішкі бақылау мен мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бұл ретте «Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісі бар хат-хабарлармен жұмыс істеу, ақпараттық қауіпсіздік, Әдеп кодексін сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы қарау және мемлекеттік мүліктің сақталуы сөз болды. Сондай-ақ, аумақтық басқарма басшылары мен мамандарына кездесулерде тек іскерлік формат пен кәсіби әдепті сақтау қажеттілігі жүктелді.
Жиын соңында Департамент басшысы Б. Шиналиев өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету, салааралық жұмысты одан әрі жетілдіру және бақылау сапасын арттыру бойынша аумақтық бөлімшелерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zhambyl/press/news/details/1266284?lang=ru

Жауап қалдыру