
Түркістан облысында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әр аудан-қаласынан келген 150-ге жуық азаматпен жеке кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Бірнеше сағатқа созылған қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен нақты шешу жолдары айқындалды.
Қоғамдық қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірқатар мәселе сол сәтте шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер орындау мерзімі белгіленіп, жауапты тұлғалардың бақылауына берілді.
Ашық диалог алаңына айналған қабылдауда тұрғындар негізінен жеке мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылым және құқықтық мәселелерін жеткізд. Әкім әрбір өтініштің заң талаптары мен азаматтардың құқықтары негізінде қаралатынын айтып, мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті.
Жер мәселесіне қатысты пікір білдірген облыс басшысы инженерлік инфрақұрылымы дайын емес жер телімдерін беру заңнамаға қайшы екенін жеткізді. Сонымен бірге жер кезегінде тұрған азаматтардың құқықтары толық сақталатынын, кезектілік тәртібінен ешқандай ауытқуға жол берілмейтінін айтты.
Қабылдау барысында тұрғын үй мәселесі де кеңінен қозғалды. Нұралхан Көшеров бүгінде Түркістан облысы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Жыл сайын өңірде шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Кездесуде тұрғындар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты ұсыныстары мен сын-пікірлерін де жеткізді. Өңір басшысы әрбір көтерілген мәселе жан-жақты сараланып, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан заң аясында тиісті шешім қабылданатынын айтты.
Қабылдауды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі екенін атап өтті.
– Біз үшін әрбір азаматтың мәселесі маңызды. Қоғамдық қабылдау – жай ғана кездесу емес, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім қабылдайтын жұмыс алаңы. Әрбір өтініш мұқият зерделеніп, заң аясында нәтижелі шешілуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кері байланысты күшейтуді және әрбір азаматтың үнін естуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындады. Сондықтан қоғамдық қабылдау – тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоятын емес, оны шешудің нақты жолдарын айқындайтын жұмыс алаңы. Әрбір өтініш жауапсыз қалмайды, барлық мәселе заң аясында қаралып, бақылауда болады. Азаматтардың мемлекетке деген сенімі нақты іспен қалыптасады. Сондықтан халықпен кері байланысты күшейтіп, әрбір көтерілген мәселені соңына дейін жеткізу – баршамызға ортақ міндет, – деді Нұралхан Көшеров.
Әрбір ұсыныс жауапты сала басшыларының қатысуымен қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті түсіндірулер берілді. Өңір басшысы тұрғындарды толғандырған мәселелердің түпкі себептерін анықтап, оларды жүйелі түрде шешудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық қабылдау тек жекелеген өтініштерді қараумен шектелмейді. Мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілегін саралап, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға, өзекті мәселелерді алдын ала анықтап, нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында халықпен тікелей байланыс орнатуға ерекше мән беріліп келеді. Жыл басынан бері облыс әкімі мен оның орынбасарлары мыңнан астам тұрғынды жеке қабылдап, көтерілген мәселелердің шешілу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Бұл өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүйелі жүзеге асыруға бағытталған жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді.
Тұрғындар түрлі мәселелерді көтеріп, басшылармен еркін пікір алмасты. Ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, нақты жұмыс жүреді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1266342?lang=ru

Жауап қалдыру