ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН МӘЖІЛІС ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
🇰🇿 Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысы мен құқық қорғау саласындағы тиімді профилактикалық шаралардың маңызы зор. Осы мақсатта Төлеби ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған көшпелі мекемеаралық мәжіліс өткізіліп, өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
 
✅ Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саттар Әбу-Әли Анарбайұлы төрағалық етті. Мәжіліске аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, құқық қорғау органдарының басшылары мен мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлері қатысты.
 
✅ Күн тәртібінде 2025 жылдың қорытындылары және 2026 жылдың өткен кезеңіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының тиімділігі сараланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасын арттыру, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері қаралды.
 
✅ Алғашқы баяндаманы Төлеби ауданының прокуроры Дабыл Аянұлы жасап, ауданның криминогендік ахуалына жан-жақты талдау жүргізді. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндап, тіркелген құқық бұзушылықтардың себептері мен оларды азайтуға бағытталған шараларға тоқталды. Сонымен қатар құқықтық профилактиканы күшейту, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жандандыру және мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
 
✅ Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев пен Төлеби аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рүстем Нұрманов өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Баяндамаларда қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту бағытында қолға алынған жұмыстар жан-жақты қамтылды.
 
✅ Жиын барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейту, қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасын арттыру және халықпен кері байланысты нығайту мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Қатысушылар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
 
📍 Мәжілісті қорытындылаған Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саттар Әбу-Әли Анарбайұлы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту, ведомствоаралық үйлестіруді жетілдіру және берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
 
🌿 Көшпелі мәжілістен кейін облыс прокурорының орынбасары Көксәйек ауылдық округіне арнайы барып, жақында пайдалануға берілген жаңа спорт кешенінің жұмысымен танысты. Нысанның материалдық-техникалық базасын аралап көріп, бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оларды салауатты өмір салтына баулу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
 
📍 Құқықтық тәртіпті нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай көшпелі мәжілістер мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, өңірдегі тұрақтылықты сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
 
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1266338?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді