
Токио, 2026 жылғы 31 шілде – Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапон су форумының Бас хатшысы Ютака Хосомимен кездесу өткізіп, жаһандық су күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Е.Баударбек-Қожатаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы ақпарат берді.
Тараптар жаһандық су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға, қолданыстағы халықаралық тетіктер арасындағы үйлестіруді күшейтуге, сондай-ақ инклюзивті диалог пен бірлескен шешімдер әзірлеу үшін ашық алаң қалыптастыруға бағытталған жаңа халықаралық платформаның функциялары жөнінде пікір алмасты.
Ю.Хосоми Қазақстанның су дипломатиясы саласындағы бастамаларын жоғары бағалап, олардың уақтылығы, өзектілігі мен халықаралық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі заманғы су мәселелері кешенді тәсілді талап етеді, өйткені олар климаттың өзгеруі, тұрақты экономикалық даму және халықаралық қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты.
Сондай-ақ ол жапон тарапының су күн тәртібі аясында Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару, су қауіпсіздігін нығайту, сондай-ақ Қазақстан мен Жапонияның қоғамдық ұйымдары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу Жапония Үкіметі ұйымдастырған су ресурстары саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға және жаһандық су сын-қатерлерін шешу жолдарын іздеуге арналған іс-шаралар топтамасы – «Жапон су апталығы» (Japan Water Week) аясында өтті. «Thinking Future of Water» тақырыбындағы халықаралық симпозиум барысында Е.Баударбек-Қожатаев халықаралық ұйымдардың басшылары мен саяси лауазымды тұлғаларға, оның ішінде Азия даму банкінің Президенті Масато Кандаға, БҰҰ Су ресурстары жөніндегі конференциясындағы Жапония Премьер-министрінің Арнайы өкілі Ёко Камикаваға, Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрі Ясуши Канэкоға және Мысырдың Су ресурстары және ирригация министрі Хани Севиламға Орталық Азиядағы су сын-қатерлері және Қазақстанның өңірдегі су проблемаларын шешуге бағытталған бастамалары туралы ақпарат ұсынды.
Анықтама: Жапон су форумы су саясаты, су ресурстарын басқару және тұрақты даму салаларында жұмыс істейтін 100-ге жуық жетекші жапон ұйымдарын біріктіреді. Форум Азия-Тынық мұхиты су форумының және Азия-Тынық мұхиты су саммитінің хатшылығы қызметін атқарады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tokyo/press/news/details/1266669?lang=ru

Жауап қалдыру