Ақсуат ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында бюджет саласының 1 705 қызметкерінің заңнамада көзделген әлеуметтік көмек алу құқықтарын қалпына келтірді.
Тексеру барысында 2025 жылы ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария салаларындағы мемлекеттік ұйымдардың мамандарына коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге және отын сатып алуға арналған әлеуметтік қолдау төленбегені анықталды.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 70-бабының талаптарын бұза отырып, алты мемлекеттік мекеме 1 705 қызметкерге жалпы сомасы 80,4 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті төлемеген. Аталған әлеуметтік қолдау шарасы Ақсуат аудандық мәслихатының шешімімен көзделген және бюджет қаражаты есебінен жылына бір рет 12 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтар жойылып, қызметкерлердің құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. Оларға тиесілі әлеуметтік көмек толық көлемде төленді.
Облыс прокуратурасының азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты конституциялық құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысы жалғасуда.
Абай облысының прокуратурасы
#Әділдік
#Заңүстемдігі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-abay/press/news/details/1266702?lang=ru

Жауап қалдыру