
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде болып, дайындықтың жаңа стандарттары бойынша жауынгерлік оқудың ұйымдастырылу барысын тексерді.
Әскери қызметшілерді даярлау кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жас сарбаз курсынан өтіп, Әскери ант бергеннен кейін олар атыс, тактикалық, инженерлік, әскери-медициналық дайындық, байланыс және әскери топография секілді алты негізгі бағыт бойынша базалық дайындыққа кіріседі. Келесі кезеңде сарбаздар өз бөлімшелерінің міндеттеріне сәйкес әскери мамандықтарын меңгеретін болады.
Командирлер алдында сөз сөйлеген Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы жауынгерлік дайындықтың жаңа қағидаттарын жүйелі түрде енгізу бағдарламаның мазмұнына ғана емес, ең алдымен офицерлердің жеке құрамға қарым-қатынасына байланысты екенін атап өтті.
– Жауынгерлік оқу үздіксіз жалғаса береді. Командирлер үшін жаңа жауынгерлік даярлық бағдарламасын тиімді енгізу және әрбір сарбазбен дербес жұмыс жүргізу басты міндет болуы тиіс. Біз әскери борышын жауапкершілікпен, әрі адал атқара алатын, саналы Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге міндеттіміз, – деді генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Бас қолбасшының айтуынша, қазіргі заманғы командир тек жауынгерлік дайындықты ұйымдастырушы ғана емес, сонымен қатар әрбір әскери қызметшіні жақсы білетін, оның қабілетін дамытуға ықпал ете алатын, тәртіпті нығайтып, бөлімшеде өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген ортаны қалыптастыратын тәлімгер болуы қажет.
Механикаландырылған бригадада генерал-майор Мереке Көшекбаев сабақтардың ұйымдастырылуымен танысып, мерзімді әскери қызметшілермен әңгімелесті. Бас қолбасшы гранатаатқыш Қадыржан Төлегеннің әскери дайындығына жоғары баға берді.
– Бүгін менің өмірімдегі ең маңызды күндердің бірі десем болады. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысымен жеке кездесіп, оның алғысын есту – үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да Отанға адал, әрі жауапкершілікпен қызмет етуге дайынмын, – деді Қадыржан Төлеген.
Сапар қорытындысында генерал-майор Мереке Көшекбаев жауынгерлік даярлықты одан әрі жетілдіру әскери тәлімгерлік институтын дамыту арқылы жалғасуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіби, тәртіпті Отан қорғаушысын қалыптастыруда командирдің рөлі айрықша маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1267578?lang=ru

Жауап қалдыру