
Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында есірткі жеткізу және тарату арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.
Шымкент қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері өңіраралық есірткі тасымалдаушыларды ұстады.
Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы жеке автокөлікпен синтетикалық есірткінің ірі партияларын Алматыдан Шымкент қаласына жеткізіп, оларды еліміздің оңтүстік өңірлерінде одан әрі таратуды көздеген.
Автокөлікті тексеру кезінде жүксалғыштан жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған, герметикалық түрде қапталған төрт орама табылды.
Ұсталғандардың телефондарын тексеру барысында интернет-есірткі дүкенінің кураторымен жазысқан хат-хабарлары анықталды. Сол арқылы олар есірткіні тасымалдауға қатысты тапсырмалар алып отырған. Сондай-ақ жасалған есірткі қылмыстары үшін криптовалюта арқылы төленген сыйақылар туралы мәліметтер табылды.
Қамқорлығында кәмелетке толмаған үш баласының болуына қарамастан ерлі-зайыпты заңсыз табыс табу жолын саналы түрде таңдаған.
Жауап алу барысында ұсталғандар кінәларын толық мойындады. Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның каннабис тобына жататын есірткі заттарын пайдаланғаны расталды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жолы кесілген әрбір есірткі өткізу арнасы – дер кезінде тоқтатылған қауіп және ең алдымен жастарды есірткінің жойқын әсерінен қорғау.
Ішкі істер министрлігі есірткі желілерінің қызметін олардың жасырыну тәсілдеріне қарамастан, мейлі көшеде болсын, мейлі цифрлық кеңістікте болсын, қатаң әрі дәйекті түрде тоқтату жұмысын жалғастырады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1267595?lang=ru

Жауап қалдыру