АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2026 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, Ситуациялық орталыққа келіп түскен өтініштерді қарау нәтижелері және халықпен кері байланыстың тиімділігін арттыру шаралары талқыланды.

 Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Сермаңизовтың айтуынша, Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Есепті кезеңде аса қауіпті жұқпалы аурулар, қызылша, полиомиелит, қызамық, дифтерия, сіреспе, көкжөтел және COVID-19 дерттері тіркелген жоқ.

 Сонымен қатар, кене шағуына байланысты 733 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Осыған байланысты барлық қажет эпидемияға қарсы және ветеринариялық іс-шара жүргізілді. Сондай-ақ, жұқпалы аурулардың алдын алу, вакцинациямен қамтамасыз ету, туберкулезді ерте анықтау және халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасуда.

 Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Ескараевтың мәліметінше, есепті кезеңнің қорытындысы бойынша қала экономикасы оң серпін көрсетіп отыр. Қысқа мерзімді экономикалық өсім индексі 114,6%-ды құрап, Шымкент республика өңірлері арасында 4-орынға ие болды.

 Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 11%-ға, құрылыс – 12,9%-ға, сауда – 21,8%-ға, көлік қызметтері 14,3%-ға артып, негізгі салаларда өсім байқалады.

 Бұдан бөлек, жұмыспен қамту шараларымен 16 мыңнан астам адам қамтылып, 9 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан 4,6%-ға дейін төмендеді. Шағын және орта бизнес саласында 259 мың адам еңбек етеді. Өндірілген өнім көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, бұл сектордың қала экономикасындағы үлесі 56%-ды құрады.

 Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтің айтуынша, есепті кезеңде Ситуациялық орталыққа тұрғындардан 184,6 мың өтініш келіп түсті. Оның ішінде 162 мыңы немесе 87,8%-ы орындалып, қалған өтініш иелерімен кері байланыс жүргізілуде. Өтініштердің басым бөлігі коммуналды шаруашылық пен инфрақұрылым мәселесіне қатысты.

Жүйелі мәселелерді анықтап, жедел шешім қабылдау үшін өтініштерге тұрақты талдау жасалады. Сонымен қатар, Ситуациялық орталықта өтініштердің динамикасын, жауапты мекемелердің жұмысын және тапсырмалардың орындалу мерзімдерін бақылауға мүмкіндік беретін мониторинг құралдары енгізілген.

 Кеңесте аудан әкімдіктеріне Ситуациялық орталыққа келіп түскен өзекті мәселелердің талдауы ұсынылып, шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін негізгі бағыттар айқындалды.

 Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жауапты тұлғаларға қойылған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қамтамасыз етуді және тұрғындардың өтініштерін сапалы қарауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1267966?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді