Мемлекет басшысы Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылуына қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысып, жиында сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы стратегиялық ұстанымына тоқталып, еліміздің бұл салада жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің ішінде 24-орында тұр. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастырылып, жасанды интеллект мемлекеттік басқару, экономика және бизнес салаларымен қатар қоғам өмірінің барлық бағытына кеңінен енгізілуде. Осыған байланысты былтырғы Жолдауда Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғанын еске салды. Сондай-ақ 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы осы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталғанын айтты. Президенттің сөзінше, инновацияға негізделген ел дамуының басым бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында да айқын көрініс тапқан.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сапалы білім беруге және дарынды жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Осы ретте ол өткен жылы Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылардың үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алғанын айтып, бұл жетістік жастардың жоғары зияткерлік әрі шығармашылық әлеуетін көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар талантты оқушыларды тәрбиелеп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғысын білдірді.

Президент халықаралық олимпиада жасанды интеллект саласын зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығын дамытуға серпін беретін маңызды алаң екенін айтты. Оның пікірінше, білім әрдайым халықтарды жақындастырып, өркениетті ілгерілететін күш болып қала береді. Сондай-ақ олимпиада барысында медицина, білім, экология және басқа да маңызды салаларға арналған тың идеялар мен жобалардың дүниеге келуі мүмкін екенін атап өтті.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада қатысушыларына табыс тілеп, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барлық азаматқа ризашылығын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1267993?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді