ІІМ: Заңсыз контент таратқан 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” қағидатын басшылыққа ала отырып, интернет пен әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Бұған дейін ведомство атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлаған болатын. Қазіргі таңда республика бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Көп қаралым, лайк және донат жинауды көздеген олар тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. Мұндай контенттің күн сайын кең аудиторияға, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған ол бұл жолы әкімшілік айыппұл алды. Павлодар қаласында 26 жастағы Аслан Амантаев көлік тізгінінде отырып тікелей эфир жүргізген, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Соттың шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Түркістан қаласында “bayan_kyz”, “fatima.sh0000” және “fatima_s003” никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева жауапкершілікке тартылды. Ол тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады. ІІМ цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді. Заң талаптары шынайы өмірде де, интернет кеңістігінде де бәріне бірдей міндетті. “Заң мен Тәртіп” – жай ғана ұран емес, әрбір азамат ұстануға тиіс қағидат. Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта да осы қағидаттың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1268030?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді