
«Тараз» орталық стадионы алдағы жылдары ауқымды жаңғыртудан өтеді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов стадионның қазіргі жай-күйімен танысу барысында мәлімдеді.
Кездесу барысында жобалаушы ұйым өкілдерімен алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жаңғырту жұмыстары талқыланды. Қазіргі таңда стадионның футбол алаңы УЕФА талаптарына толық сәйкес келмейтіні атап өтілді. Осыған байланысты нысанды қайта жаңғырту уақыт күттірмейтін міндеттердің бірі болып отыр.
Жоспарға сәйкес, биыл стадионды қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2027–2028 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде.
Серік Сәлемов жауапты басқармалар мен жобалаушы ұйымға стадионды УЕФА талаптарына сай қайта жаңғырту, материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, сондай-ақ жобалау және құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар өңірде жаңа орталық стадион салу жобасы 2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына енгізілген. Жобаны іске асыру 2029–2030 жылдарға жоспарланып отыр.
Заманауи талаптарға сай келетін спорт нысаны өңірде бұқаралық спортты дамытуға, кәсіби спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты барлық жұмыстар қатаң бақылауда болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1268157?lang=ru

Жауап қалдыру