
Соңғы жылдары денсаулықты нығайту және ағзадағы дәрумендер мен минералдардың тапшылығын толықтыру мақсатында биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) кеңінен қолданылып келеді. Дегенмен, олар туралы әртүрлі қате түсініктер қалыптасқан. Сондықтан ББҚ-ның не екенін, олар қандай жағдайда қажет болатынын және неліктен дәрілік заттардың орнын баса алмайтынын түсіну маңызды.
Тағамға арналған биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) – құрамында дәрумендер, минералдар, аминқышқылдары, май қышқылдары, тағамдық талшықтар, өсімдік сығындылары және басқа да биологиялық белсенді заттар бар өнімдер. Олар күнделікті тағам рационын толықтыруға және ағзаның қалыпты қызметін қолдауға арналған.
Биологиялық белсенді қоспалардың негізгі мақсаты – ауруларды емдеу емес, ағзадағы жекелеген тағамдық заттардың тапшылығын толықтыру.
Биологиялық белсенді қоспалардың басты ерекшелігі – олардың қолданылу мақсаты.
Дәрілік препараттар клиникалық зерттеулерден өтеді, олардың тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген және олар аурулардың алдын алу, емдеу немесе диагностикалау мақсатында қолданылады.
Ал биологиялық белсенді қоспалар дәрілік заттарға жатпайды. Олар ауруларды емдеуге арналмаған және дәрігер тағайындаған емнің орнын алмастыра алмайды. Олардың әсері зат алмасудың қалыпты жүруін қолдауға және ағзаға қажетті қоректік заттардың тапшылығын толықтыруға бағытталған.
Дәрігер төмендегі жағдайларда биологиялық белсенді қоспаларды қабылдауды:
- дәрумендер мен минералдардың тапшылығы расталған жағдайда;
- физикалық немесе ақыл-ой жүктемелері артқан кезеңде;
- жүктілік және бала емізу кезеңінде (дәрігердің тағайындауымен);
- егде жастағы адамдарға;
- үйлестірілген тамақтану кезінде;
- аурудан кейінгі қалпына келу кезеңінде ұсынуы мүмкін.
Маманның кеңесінсіз биологиялық белсенді қоспаларды өз бетінше қабылдау ұсынылмайды. Еркін сатылатын өнім болғанымен, оларды бақылаусыз қолдану келесі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін:
- дәрумендер мен микроэлементтердің артық мөлшерде жиналуы;
- аллергиялық реакциялар;
- дәрілік препараттармен өзара әсерлесуі;
- созылмалы аурулардың асқынуы.
Әсіресе бауыр, бүйрек, жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге және балаларға ерекше сақтық таныту қажет.
Биологиялық белсенді қоспаларды сатып алу кезінде:
- өнімді тек ресми жеткізушілерден және дәріханалардан сатып алу;
- құрамын және қолдану жөніндегі нұсқаулықты мұқият оқу;
- жарамдылық мерзімін және қаптамасының бүтіндігін тексеру;
- «кез келген ауруды толық емдейді» немесе «әмбебап ем» деген сөзге сенбеу;
- қабылдауды бастамас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесу ұсынылады.
Биологиялық белсенді қоспалар емдік құрал емес және ауруларды емдеуге арналмағаны туралы ұмытпаған жөн. Оларды тек дәрігердің ұсынысы бойынша тағам рационына қосымша ретінде қолдану қажет. Биологиялық белсенді қоспалар дәрілік препараттардың орнын баса алмайды. Адам денсаулығы ең алдымен дұрыс және үйлестірілген тамақтануға, жеткілікті дене белсенділігіне, сапалы ұйқыға және зиянды әдеттерден бас тартуға байланысты. Ең сапалы биологиялық белсенді қоспалардың өзі салауатты өмір салтын алмастыра алмайды.
Ауру белгілері пайда болған жағдайда биологиялық белсенді қоспаларды қолдана отырып, өздігінен емделумен айналыспай, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Денсаулығыңызды сақтаңыз! ББҚ-ды тек медициналық көрсетілім болған жағдайда және дәрігердің ұсынысымен ғана қолданыңыз. Медицина қызметкерінің кеңесі олардың қажеттілігін анықтауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-sko/press/news/details/1268633?lang=ru

Жауап қалдыру