Жергілікті өнімді қолдау және ілгерілету мәселесі қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралған отандық тауарларды қолдау және ілгерілету жөніндегі шаралар талқыланды.

Жиында ауданның кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласындағы 2026 жылдың І жарты жылдығындағы қорытындылары қаралды.

Аталған салада атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Б.Махатов хабарлама жасады.

Ауданда өндіріс саласын дамыту бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы тұрмысқа қажетті ұнтақтар шығару цехы іске қосылса, биыл түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, жоғары сұрыпты ас тұзын шығару және мотоцикл құрастыру жобалары жұмысын бастады.

Аудан әкімі аталған өндіріс орындарына жан-жақты қолдау көрсетуді және өзге де отандық тауар өндірушілерді дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің жекелеген бағыттарындағы өндіріс көлемінің төмендеу себептері талданып, әрбір кәсіпорынның жағдайына жан-жақты сараптама жүргізу, проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар атқару міндеті жүктелді.

Мәжілісте мемлекеттік қолдау бағдарламаларының жүзеге асырылуы да қаралды. Жыл басынан бері аграрлық несие ұйымдары арқылы 9 жоба, ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 85 жобасы қаржыландырылған. Аудан басшысы жоба ұсыну көрсеткіші төмен ауылдық округтердің әкімдеріне жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған бағдарламалардың орындалу барысы талқыланып, шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеуге тарту және туындаған мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жиында аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, инвестиция және бөлшек сауда көрсеткіштерін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстау міндеттері белгіленді.

Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1268965?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді