ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛІМІЗДЕ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысы Сауран ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – елімізде баламасы жоқ мал бордақылау кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан ет өнімдері» ЖШС жүзеге асырып жатқан мал бордақылау кешеніне арнайы барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Жоба бастамашысы кешеннің құрылыс кезеңдері, өндірістік қуаты және іске қосылғаннан кейінгі мүмкіндіктері жөнінде баяндады.
Өңір басшысы кешенді аралау барысында шаруалармен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің экспорттық әлеуетін күшейту бағытындағы жоспарлар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері туралы талқыланды. Нұралхан Көшеров жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
40 гектар аумақта орналасқан кешенді жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Бірегей кешенде 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәулігіне 120 бас ірі қара мал союға арналған өндірістік алаң қарастырылған. Сонымен қатар малшыларға арналған тұрғын үйлер, Әкімшілік-іскерлік орталығы мен қосымша инфрақұрылым нысандары салынуда. Қазіргі таңда әкімшілік ғимаратының құрылысы 80 пайызға аяқталып, мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар кешен маңында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделген. Жоба толық іске қосылғанда 120 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аталған кешен іске қосылғаннан кейін мал бордақылау ісін заманауи технологиялар негізінде дамытуға, ет өндірісін ұлғайтуға және өңірдің агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Түркістаін облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1269327?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді