
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аға инспектор Индира Джусупова атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.
– Азаматтарды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 3312 адам жауапкершілікке тартылды. 2880 құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, соттар 852 адамға мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу шарасы да бар. Бұл талаптарды бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген.
Спикердің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеуге ерекше назар аударылады. Соттардың шешімімен 244 құқық бұзушыға міндетті түрде психологиялық көмек алу тағайындалды, олардың 226-сы қазіргі уақытта тиісті курстан өтуде. Бұл шара қайталанатын жанжалдардың алдын алуға және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған.
Сталкинг үшін жауапкершілік енгізілгеннен бері жыл басынан бастап осындай 8 дерек тіркелді. Бұл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың жалпы статистикасына әсер етті.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жекелеген ауыр қылмыстар әлі де орын алуда. Талдау көрсеткендей, мұндай жағдайлардың басым бөлігі алкогольдік ішімдіктерді тұтынумен және тұрмыстық жанжалдармен, оның ішінде қызғаныш пен отбасылық келіспеушіліктермен байланысты. Әрбір факт бойынша заңда көзделген процессуалдық іс-шаралар жүргізіледі, – деп атап өтті спикер.
Полиция азаматтарды мұндай фактілерді жасырмай, 102, 111 және 150 телефондары арқылы немесе Павлодар қаласы, Солтүстік өнеркәсіп аймағы, 258 мекенжайына хабарласуға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1269365?lang=ru

Жауап қалдыру