
Атырау облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағына тәулік бойы бейнебақылау камералары мен дрон әуе камерасы арқылы мониторинг жүргізеді. Бүгінде заманауи бақылау құралдарының көмегімен құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, олардың жолын кесу бойынша жедел шаралар қабылдануда.
Мәселен, 27 шілде күні сағат 13:15 шамасында Смағұлов – Атамбаев көшесі бойындағы жағалау аумағын камера арқылы бақылау барысында шомылуға тыйым салынған жерде суға түсуге бет алған масаң күйдегі ер адам анықталды. Аталған дерек бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жіберіліп, азамат тоқтатылды. Кейін оның жеке басын анықтау және медициналық куәландыру үшін Атырау облыстық наркологиялық орталығына жеткізілді. Тексеру нәтижесінде 1985 жылы туған азамат қоғамдық орында масаң күйде жүру және абаттандыру қағидаларын бұзу баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тыйым салынған және қауіпті аймақтарда шомылу — судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік құқық бұзушылық болып қана қоймай, ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1269448?lang=ru

Жауап қалдыру