
Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «10 тамыз – Абай күніне орай» қалада ұлы ақынның әдеби-рухани мұрасын насихаттауға арналған онкүндік іс-шаралар бастау алды. Соның аясында «Абай әлемі балалар көзімен» атты қалалық көркемсурет акциясы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда өтті. Акция барысында қаламыздағы жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының 150-ге тарта жас суретшісі бір мезетте Абайдың өмірі, шығармашылығы, табиғат лирикасы, қара сөздері мен рухани мұрасынан шабыт алып, қиялдарын шыңдады. Балалар өз туындылары арқылы Абай әлемін шығармашылық тұрғыдан бейнелеп, оның ұлт руханиятындағы орны мен тағылымын сурет өнері арқылы жеткізе білді.
Акция қорытындысы бойынша «Абай әлемі балалар көзімен» көркемсурет акциясына қатысушылардың үздік туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Іс-шара жас суретшілердің шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының әдеби және рухани мұрасын бейнелеу өнері арқылы насихаттауға мүмкіндік береді.
Көркемсурет акциясы балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, көркемдік талғамын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын дәріптеуге және жас дарындарды қолдауға бағытталған маңызды мәдени-білім беру бастамаларының бірі болып саналады.
Айта кетейік, іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің қолдауымен өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1269850?lang=ru

Жауап қалдыру