Әлия ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Қобда ауданындағы Әлия ауылы болды.

Өңір басшысы мұнда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты.

Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Қобда аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарасқан Темірбаевтың айтуынша, қазір ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар футбол және баскетбол алаңдарының негізі бетондалып, қоршаулар мен ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары орнатылуда. Нысан аумағын абаттандыру жұмыстары да қатар атқарылып жатыр.

Жобаны іске асыруға 975 миллион теңге бөлінген. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 75 жаңа жұмыс орны ашылады.

Мердігер ұйым «Интерстиль» ЖШС құрылыс жұмыстарын биылғы қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Аталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені Әлия ауылындағы алғашқы заманауи спорт нысаны болмақ. Нысан іске қосылған соң, ауыл тұрғындары ойын спорт түрлерімен шұғылданып, күреспен айналысуға және дене дайындығын жетілдіруге барлық қажетті жағдайға ие болады.

«Ауылдық елді мекендерде заманауи спорт нысандарын салу – тұрғындардың денсаулығына, өскелең ұрпақтың болашағына салынған инвестиция. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарына да қаладағыдай спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін балалар, жастар және ересектер жыл бойы дене шынықтырумен айналысып, өз қабілеттерін шыңдай алады. Бұл нысан Әлия ауылы тұрғындарының басын қосатын маңызды орталыққа айналып, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Жұмыс сапары барысында Асхат Шахаров мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1270156?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді