
Алдағы екі жылда Қобда ауданындағы 14 ауыл газдандырылады.
Қобда ауданында ауылдық елді мекендерді газдандыру бағытындағы ауқымды жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауданның екі ауылында газ құбыры құрылысының басталуымен танысты.
Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 150 шақырымды құрайтын магистральдық және ауылішілік газ желілері салынады. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге. Биыл құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі бөлігі орындалады деп жоспарланған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Жаңа газ инфрақұрылымы алдағы уақытта Қобда ауданындағы тағы 12 елді мекенді – Сөгәлі, Қоғалы, Қаракемер, Қызылжар, Ақырап, Қанай, Жарық, Жаманкөл, Ортақ, Құрсай, Өтек және Ақсай ауылдарын газдандыруға техникалық мүмкіндік береді. Нәтижесінде үш мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары толық аяқталды. Жақын күндері геодезиялық зерттеу жүргізіліп, газ құбырын тарту жұмыстары басталады. Жобаны 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Жиренқопа мен Көкүй тұрғындары бұл күнді көптен күткен тарихи оқиға деп санайды.
«Бұл – біз үшін шын мәнінде тарихи күн. Газ мәселесін көп жылдан бері көтеріп, талай рет өтініш білдірдік. Енді, міне, келесі жылы ауылымызға табиғи газ келетінін естіп отырмыз. Күткен күнге де аз уақыт қалды. Бұл – барша ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Осы мәселенің оң шешімін табуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына алғыс білдіреміз. Газдың келуі – ең алдымен жайлы тұрмыс, қауіпсіздік және өмір сапасының артуы. Енді халық бұрынғыдай отын дайындап, үй жылытуға уақыт пен күш жұмсамайды. Мемлекеттің шағын ауылдарға да ерекше көңіл бөліп отырғанын көріп отырмыз. Бұл – ертеңгі күнге деген сенімді арттырады. Отбасыларымыз үшін бұл көптен күткен әрі аса маңызды өзгеріс», – деді Жиренқопа ауылының тұрғыны Нақыш Сламғали.
Өңір басшысы Асхат Шахаров құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды газға қосуды бірінші кезектегі міндет ретінде атап өтті.
«Ең алдымен мектептер, спорт нысандары, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелері табиғи газға қосылуы қажет. Бұл – халықтың тұрмыс сапасы және ауылдардың дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан барлық жұмыс сапалы әрі уақытында орындалуы тиіс. Біз Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Жобалардың басым бөлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Егер тек облыстық бюджеттің мүмкіндігіне сүйенсек, ауылдарды мұндай қарқынмен газдандыру мүмкін болмас еді», – деді облыс әкімі.
Жоба аяқталғаннан кейін Жиренқопа мен Көкүй ауылдарының 551 тұрғыны табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі таңда Қобда ауданындағы 31 елді мекеннің 14-і газдандырылған. Бүгінде табиғи газға 13 мыңға жуық тұрғын қол жеткізіп отыр. Алдағы екі жылда жүзеге асырылатын жаңа жобалардың нәтижесінде газдандырылған ауылдар саны 28-ге жетеді. Бұл ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1270245?lang=ru

Жауап қалдыру